1 млн абонент коммуналдық шығынын субсидиялауға құқылы - вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтардың көбі коммуналдық шығындарды мемлекет есебінен субсидиялауға болатынын білмейді. Яғни, 1милиионға жуық адам өз құқығын пайдаланбай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов орталық коммуникациялар қызметінде осындай мәлімет айтты.

«Халықтың әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарына тұрғын үй заңнамасы бойынша шығындарды жеңілдетудің тетігі қарастырылған. Көріп жүргеніміздей, халықтың көбі әлеуметтік қолдаудың тікелей субсидиялау дейтін түрі бар екенін білмейді де» - деді министрлік өкілі.

Қайрат Рахимов аталмыш қолдауға құқылы адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесес eGov электронды жүйесі арқылы өтініш бере алатынын айтады.

Осы қызметтер арқылы отбасының әлеуметтік мәртебесін дәлелдейтін құжаттар мен коммуналдық төлем түбіртегін өткізу қажет.

«Мысалы бір отбасында 4 адам болды дейік. Тек біреуі ғана жұмыс істеуі мүмкін. Оның айлық табысы 100 мың теңге болса, жан басына шаққанда 25 мың теңгеден келеді. Ал қазір минималды есептік көрсеткіш көлемі 34 мың теңге екенін ескерсек, бұл жанұяның жан басына шаққандағы табысы нормадан төмен деген сөз. Сондықтан бұл отбасы мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау талап етуге құқылы», - дейді ведомство өкілі.

Мұндағы басты назар аударатын мәселе - әр өңірде коммуналдық шығын субсидиясының көлемі әртүрлі болуы мүмкін.

«Жергілікті мәслихаттар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың коммуналдық қызмет ақысына төлейтін максималды шекті бекітеді. Мысалы, Алматыда ол отбасы табысының 5 пайызынан аспауы керек. Яғни, айына 100 мың теңге кіріс кіретін отбасы осы Алматыда тұратын болса және коммуналдық қызметтерге айына 10 мың теңге төлеуі керек болса, оның тең жартысын мемлекет тікелей субсидиялайды», - дейді Қайрат Рахимов.

Вице-министр заң бойынша елімізде осындай қолдау түрі 1 миллионнан астам отбасына көрсетілуі керек деп отыр. Бірақ көбі мұндай субсидияның бар екенін білмейді.

«Мен неге осы қолдауды көбі білмеуі мүмкін дедім? 2019 жылы республика бойынша 54 мың отбасы ғана осы төлемге өтініш берген. Ал былтыр өтініш саны 36 мыңнан асқан жоқ. Еңбек және халықты әлемуеттік қорғау министрлігімен бірге осы мәселені қарағанбыз. Аталмыш санат бойынша әлеуметтік қолдауға құқылы абоненттердің саны 1 милионнан асады. Біздің министрлік енді осы қолдау шарасын автоматтандыру мәселесін қарап жатыр», - деді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар