1 млн теңгеден астам табысы бар азаматтар да 42,5 мың теңге алу үшін өтініш берген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 42 500 теңге алуға бірнеше өтініш жазғандар бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда 938 мың адамнан 1 284 000 өтініш түсті. Демек, бір адам бірнеше рет өтініш беріп отыр. Мүмкін қателесіп, жаңылысып жіберген боларсыздар. Бірақ «2-3 рет өтініш берсем, 42 500 теңгені 2-3 рет алам» деп ойласаңыз – қателесесіз. Ақпараттық жүйе оның бәрін тексеріп, реттеп алады», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Ол өтініш берген адам төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын растайтынын айтты.

«Өтініш берген кезде порталдың астыңғы жағында «Мен жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға қатысты табысымнан айырылғанымды растаймын және өзіме жауапкершілікті аламын» деген сөз бар. Сіз ол жолдарды оқыдыңыз, ал біз сізге сендік дегенді білдіреді. Мұны не үшін айтып отырмыз? Бұл төлемді соған мұқтаж адамдар алса деген ниетіміз бар. Жұма, сенбі күндері алғашқы 412 мың адамнан өтініш қабылдаған кезде біз тексеріс жасап көрдік. 1873 адам өтініш берген, бірақ ақпараттық жүйе арқылы тексеріп едік, олар қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мың -1 млн теңгеден астам табыс алған азаматтар екені анықталды. Бұл – дұрыс емес, сіздерге 42 500 теңге төленбейді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар