1 мың ауылда су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 200-ден аз адам тұратын 1 мың ауылда су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Ауыл-Ел бесігі» жобасын талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл елді мекендерді сумен қамту бойынша 7,2 млн адамды құрайтын 6 302 ауылдың ішінде 4759 ауыл немесе халық санының 93 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізіп отыр. Оның ішінде 4 128 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылса, 203 мың адамы бар 631 ауылда кешенді блок-модуль орнатылған. Қамтылмаған 1543 ауылдың ішінде 511 ауылды 2025 жылға дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Ал халық саны 200-ден аз 1032 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдерді орнату жоспарланып отыр», - деді Еркебұлан Дауылбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалды.

2019 жылы елімізде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастады .

Оның басты мақсаты — ауылдағы адамдардың өмірін жақсарту. Жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандар салу, жұмыс орындарын құру — осының барлығы аталған бағдарламаны іске асыруды көздейді.


Соңғы жаңалықтар