100 жасаған майдангер: Бүгінгі ұрпақ соғысты көрмесе екен

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыста жауға қарсы шайқаста тауы шағылмаған, қияда қалықтаған қырандай шыңдалған майдангердің бірі – Айдын Айбаров. Майдангер биыл 100-ші көктемін қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атыраулық майдангер Айдын Айбаров 1921 жылы Мақат ауданындағы Доссор кентінде дүниеге келген.

Соғыс басталардан бір жыл бұрын қазіргі Атырау қаласында орта мектепті бітірген.

«Бала күнгі арманым – ұшқыш болу. Құс қанаты талатын көк аспанның «көлігін» меңгеру үшін алдымен Ақтөбедегі ұшқыш дайындайтын мектепте оқып, 1941 жылдың мамырында 40 курсантпен бірге бітіріп шықтым. Алайда, сол сәтте бір айдан кейін жұмыр жерді алапат соғыс өрті шарпитынын білген жоқпын»,-дейді Айдын Айбаров.

Бірақ, оны бірден майдан даласына жібермеген. Себебі, кеңес армиясына әуеден шабуылдайтын білікті ұшқыштар қажет еді.

Сондай-ақ, тек әуеден шабуылдау ғана емес, барлау жүргізетін ұшқыштардың қажеттігі де туындаған.

Мұндай топ Орынбор қаласындағы ұшқыштар училищесінде дайындалатын.

Қазақ жігіті Айдын Айбаров та бастапқыда Орынбордағы, кейін Пермь қаласындағы әскери училищеде білімін жетілдірген.

Әскери ұшақпен маневр жасауды меңгеріп, әуеден барлаудың қыр-сырына әбден қаныққан.

Сөйтіп, 1944 жылы Суворов және Кутузов атындағы шабуылдаушы әуе полкының ұшқыш-барлаушысы атанды.

Әскери ұшақты басқарып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауға батыл кіріскен.

Жау ошағын әуеден барлаған. Белоруссия мен Прусьяны азат етудегі ерлігі еленіп, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

«Жеңіс сағаты соққанмен, бірден елге оралуға рұқсат берілмеді. Өйткені, 1947 жылға дейін әскери тәртіпке сәйкес, жас ұшқыштарды оқытуға тапсырма алдым. Капитан шенінде елге оралысымен еңбек жолымды облыстық «Социалистік Құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінде әдеби қызметкер болып жалғастырдым» деп еске алады ол.

Жастайынан еңбекқор, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарған Айдын Айбаровтың іскерлігі сол кездегі облыстық комсомол комитетінің басшыларын қызықтырған.

Сөйтіп, 1949 жылы еңбек жолын басқару саласында жалғастыру үішн облыстық партия комитетіне жұмысқа шақырылды.

Кейін Гурьев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы ретінде мұнайлы өңір орталығының өркендеуіне, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруына үлесін қосқан.

Зейнет демалысына шыққанға дейін бірнеше кәсіпорынның партия ұйымына жетекшілік еткен.

Ғасырлық ғұмыры ғибратқа толы майдангер өзі туралы емес, кезінде үлгі-өнеге көрсетіп, тәлім-тәрбиесін берген ұстаздары жайлы сыр шерткенді қалайды.

Бұл жастайынан қыран қанаты талатын зеңгір көкте шыңдалып, талай қиындыққа кезіксе де сабырлы қалпын жоғалтпаған абыз-қарияның қарапайымдылығы шығар.

Қазір балаларынан өрбіген немере-шөберелеріне ұлағатты әңгімесін айтып отырады.

«Бүгінгі ұрпақ соғысты көрмесе екен. Жастарымыз білімді, еңбекқор болса, биік асуларды бағындырары даусыз. Бейбіт өмір жалғасын таба берсін», - дейді ғасыр биігін бағындырған майдангер Айдын Айбаров.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Жеңіс күні қарсаңында екі соғыс ардагеріне 1 млн теңгеден берілген болатын.


Соңғы жаңалықтар