11 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2021 жылғы 11 қаңтарға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік «Рахмет» күні

Қаңтардың 11-і жылдың ең «әдепті» күні – бұл күн Бүкіләлемдік «рахмет» күні ретінде атап өтіледі. БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның бастамасымен пайда болған бұл мерекенің өзіндік мағынасы мол, өйткені бұл атаулы күнді азаматтығына, ұлтына, діни сенімдеріне қарамастан бүкіл әлем болып тойлай алады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2006 жылы 2005 жылдың 4 желтоқсанында қөткен сайлауда Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге 7 мемлекет президенті, әлемнің 20-дан астам мемлекетінің үкімет және парламент басшылары, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропа одағы халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

2006 жылы «Ақорда» резиденциясында Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімінде «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні ретінде алғаш рет орындалды. Нұрсұлтан Назарбаев – ҚР Мемлекеттік әнұраны мәтіні авторларының бірі.

2011 жылы режиссер Болат Шәріповтің қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты Нәзір Төреқұловқа арналған «Өкілетті елші» деректі фильмі түсірілді. Нәзір Төреқұлов КСРО-ның мұсылман әлемі елдеріндегі алғашқы елшісі болды.

2013 жылы Астана циркінің гимнасшылары Дария Әбдіхасова мен Дана Рыспекова халық арасында «Цирктегі Оскар» деп аталатын сыйлықты – «Алтын клоун» фестивалінің гран-приін жеңіп алды. Голландияның Енхед қаласында өткен фестивальда қыздар әлемнің үздік цирк әртістерінің арасынан топ жарды.

2013 жылы Қазақстанның жас кинематографистерінің қатысуымен «ABAI 45» аудиокітабы шығарылды. Бұл Абайдың «Қара сөздерінің» орыс тіліндегі аудионұсқасы.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде жаңа қызмет – гидрометеорологиялық қызмет пайда болды. Гидрометеоролог әскери қызметшілер Қарулы күштердің гидрометеорологиялық бөлімшелерінің жасақталуын бақылайды, метеорологиялық мәліметті жинайды, талдайды және әскерлерге таратады. Авиациялық оқиғаларды, теңізде жүзу және кеме қатынасының қақтығыстары мен қауіпсіздігін тергеп-тексеруге қатысады, сондай-ақ ҚР ҚК-нің гидрометеорологиялық бөлімшелерінде ғылыми-әдістемелік және өнертапқыш жұмысты жүргізеді.

2017 жылы мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттерді қайта бөлу мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылды. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы төрағалық етті. Оның құрамына Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ ғылыми сарапшылар, заңгерлер кірді.

2017 жылы Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы екпе жасап шығарылды.

2017 жылы Шығыс Қазақстан облысынан шыққан шахматшы Александр Кочергин жүз торкөзді шахматты ойлап тапты. Ол ойынға жаңа фигураларды: ханзада мен ханшаны енгізіп, ойын ережесін күрделі ете түсті.

2019 жылы Жансая Әбдімәлік шахматтың барлық түрінен 20 жасқа дейінгілер арасында әлем рейтингінде көш бастады.Қазақстандық шахматшы классикадағы ЭЛО, рапид және блиц бойынша алдыңғы орында. Бұған дейін бірде-бір қазақстандық шахматшы бір уақытта ойынның үш түрінен әлемдік рейтингті бағындыра алмаған.


Соңғы жаңалықтар