12 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 12 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1955 жылы Қазақстан аумағында, Төретам кентіне жақын жерде әлемдегі тұңғыш және ең ірі ғарыш айлағы – Байқоңыр кентінің құрылысы басталды. 1969 жылы оған қала статусы берілді. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасының иелігіне өткен, қазіргі кезде оны Ресей Федерациясы 2050 жылға дейін жалға алды.

1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының I құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Төрағасы – Бас мүфти. Басқарма құрамында кеңесшілер алқасы, Қамқоршылық кеңес, Төралқа; Дін істері, Шариғат және мешіттер жөніндегі бөлімдері бар. Басқарма жанынан «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман»журналы шығады.

1993 жылы дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету және әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету және оны нормативтік-әдістемелік және ұйымдастырушылық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстандағы экономикалық өзгерістер жөніндегі Ұлттық кеңесі құрылды.

1995 жылы Президент Жарлығымен қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіровке, Талғат Мұсабаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі - «Алтын Жұлдыз» тапсырылды.

2002 жылы Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың мұражай үйі ашылды.

2006 жылы Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы жөніндегі Шартты бекіту туралы грамоталар алмасу хаттамасына қол қойды.

2006 жылы Қостанайда «Қазақ Тұлпары» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамынан жылқылардың генетикасын зерттейтін еліміздегі алғашқы зертхана ашылды. Зертхана асыл тұқымды жылқылардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын жылқылардың жаңа тұқымын жасап шығарумен шұғылданады. Жаңа тұқымның арғы тегін зерттеу селекцияны жылдамдатуға көмектеседі. Осы бағыттағы жұмыс елдің экономикасына және Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес белгілердің бірі болды.

2009 жылы Қазақстан Республикасында Назарбаев - Интеллектуалдық мектебі ашылды. Зияткерлiк мектеп балалардың қабiлеттiлiктерiн және жеке бас мүддесiн есепке алып кең ауқымда бiлiм бағдарламаларын береді. Бұл мектепте цифрлы техникамен жарақтанған 24 смарт-сыныптар, 14 интерактивті пәндік кабинеттері, 4 физика, 6 мультимедиа кабинеттерi бар. Әрбiр оқушы интернетке шығатын дербес ноутбукпен қамтамасыз етілген.

2011 жылы Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейтте VII қысқы Азия ойындарының алауы қазақстандық делегацияға салтанатты түрде табыс етілді.

2012 жылы Түркияның Адана қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Қазақстанның Аданадағы консулы ретінде белгілі бизнесмен, «Кулак иншаат» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Таркан Кулак тағайындалды. Ашылу рәсімінен кейін қонақтар Қазақстан жайлы сыр шертетін фотокөрмені тамашалады. Қатысушылардың барлығына Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі түрік тілінде шығарған Қазақстан туралы кітап сыйға тартылды.

2015 жылы Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшқанына 20 жыл толуына және Қазақстан ғарыш байланысының 10 жылдығына арналған пошта маркалары айналымға шығарылды. Үш рет ғарышқа ұшқан ғарышкер Талғат Мұсабаевтың бейнесі түсірілген мерейтойлық марка 25 000 данамен шығарылды.

2020 жылы Димаш Құдайберген JSTYLE 2019 байқауында «Жылдың үздік әншісі» дипломына ие болды. JSTYLE Exquisite Annual Awards 2019 – Азия елдерінің ең әдемі модельдері мен өнер қайраткерлерін марапаттау рәсімі. Ол Қытайдың Шаньси провинциясының Пинъяо қаласында өтті.


Соңғы жаңалықтар