12 мамыр. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

143 жыл бұрын (1879-1938) Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері МұхамеджанТЫНЫШБАЕВ дүниеге келген.

Ол 1900 жылы Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітірді. Гимназияда оқып жүргенде Тынышбаев өзінің ізденімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленіп, 1899 жылы Верный қаласында өткен А.Пушкиннің 100 жылдық мерейтойында баяндама жасады.

Гимназия директоры Жетісу облыстық әскери губернаторына жолдаған өтінішінде Тынышбаевты «тамаша шәкірт қана емес, нағыз талант иесі» екендігін мәлімдеп, жоғары оқу орнында білім алуына арнайы стипендия бөлуді сұраған.

1900 жылы Жол қатынасы институтына түсіп, 1906 жылы бітіреді. 1905 жылы қарашада автономияшылдар одағы ұйымының ұйымдастыруымен өткен съезге қатысып, сөз сөйлейді. Ол өз сөзінде патша өкіметінің қазақ жерінде жүргізіп отырған отаршылдық саясатын айыптай отырып, ендігі уақытта ұлттық езгідегі халықтарға автономия берілуін талап етеді. Институтты бітірген соң инженер-маман ретінде Орта Азия темір жолы құрылысына жіберіледі. 1907 жылы екінші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланып, онда аграрлық комиссия құрамында қызмет етеді. Дума таратылған соң Орта Азия темір жолы құрылысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Әмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысады. 1911 жылы Урсатьевск - Әндіжан темір жолы құрылысының бастығы әрі бас инженері, 1914 жылы Арыс - Әулиеата темір жолы құрылысының бас инженері қызметтерін атқарады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Тынышбаев Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті құрамына мүше болып тағайындалады.

Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі ретінде Жетісу облысындағы 1916 жылы Қытайға ауып кеткен қазақ-қырғыз босқындарына көмек көрсетуді ұйымдастырады. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, онда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. Түркістан өлкесі мұсылмандарының төртінші съезіне қатысып, онда құрылған Түркістан автономиясы Уақытша үкіметінің төрағасы және Ішкі істер министрі болып сайланады. Бірақ көп ұзамай бұл қызметтерінен бас тартады. Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің құрамына сайланады. Тынышбаев Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге қазақ елінің дербестігін қалпына келтіруге, елдің амандығын сақтауға күш салады. Ол осы мақсатта Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, Ғ.Танашев секілді Алашорда үкіметі мүшелерімен бірге Уақытша Сібір үкіметімен, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелері комитетімен және Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізуге қатысады. М.Тынышбаев сонымен бірге ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Ол Орыс география қоғамы Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болды. «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымының қызметіне атсалысады. Халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дереккөздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазады. Оның тарихты терең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі түрде қарастыруынан байқалады. Бұл пікірге Тынышбаев еңбектеріндегі «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын орданың күйреуі және Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» секілді, т.б. тақырыптағы еңбектері дәлел бола алады. Қазақ тарихының көне дәуірі, орта ғасырлар кезеңі, жаңа заманы ретінде жеке қарастыратын күрделі мәселелерді кеңінен қамтуға талпынысы тарихшы-ғалымның өзіндік қалыптасқан тарихи көзқарасы бар екендігін аңғартады. Сонымен қатар еңбектері ұлттық мүдде тұрғысында жазылуымен ерекшеленеді. Ол қандай да бір халықтың тарихын жазу үшін сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгеру керек деген приципті берік ұстанған және бұл приципті өзге зерттеушілердің де ұстауын талап етеді. Тынышбаев 1922 жылдан Түркістан АКСР-і Су шаруашылығы басқармасында, Ташкентте жер суландыру бөлімінде, Қызылорда қаласының құрылыс-жөндеу жұмыстарында, Жетісу губерниясы атқару комитетінің жол бөлімінде еңбек етіп, өзін білікті инженер-маман ретінде таныта білді. 1927 жылдан Түркістан - Сібір темір жолы құрылысында еңбек етті. Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Түрксіб құрылысын салу барысында айрықша танылды. Осы еңбектеріне қарамастан Тынышбаев кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксібті салып жатқан кезінде 1930 жылы тамыздың 3-інде тұтқынға алынады. Оған «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айыптар тағылады. Кейінгі жылдары да үнем бақылауда болған ол, ақырында кеңестік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Алматыдағы Қазақ Көлік және коммуникация академиясы М.Тынышбаевтың есімімен аталады.

92 жыл бұрын (1930-1993) жазушы, журналист ӘнуарӘЛІМЖАНОВ дүниеге келген.

Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. «Алма-Атинская правда», «Литературная газета», «Ленинская смена», «Правда» газеттерінде қызмет істеген. «Қазақфильм» студиясының, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі төралқасының төрағасы болды. Жазушы шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылған. «Достар кездескенде», «Жаушы», «Күнге бет алған керуен», «Адамдар жолы», «Махамбеттің жебесі» т.б. кітаптары жарық көрді. Бірсыпыра шығармалары Азия, Африка халықтарының ұлт-азаттық күресіне арналған. Үндістан тақырыбына жазылған шығармалары үшін Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

77 жыл бұрын (1945) ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесі мүшесі, Қазақстан Республикасы Дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қайраткер, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанұлы СҰЛТАНОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысы Панфилов ауданы Еңбекші (Қызыл Еспе) ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық Комитетінің Қоғамдық білімдер академиясын бітірген, журналист. Саяси ғылымдарының докторы, профессор. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.

Еңбек жолын Сарыөзек ауданаралық баспаханасының жұмысшы-баспагері болып бастаған. Талдықорған және Алматы облыстарының аудандық газеттерінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген (1961-1964 жылдары). 1964-1967 жылдары - КСРО Қарулы Күштері қатарында әскери қызметін өткерген. 1967-1976 жылдары - Панфилов аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, екінші, бірінші хатшысы, Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1976-1981 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 1981-1983 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1983-1987 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі. 1987-1990 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Идеология бөлімінің меңгерушісі. 1991-1993 жылдары - Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Үкіметінің құрамында Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары. 1993-1995 жылдары - «Қазақстанның Халық бірлігі одағы» қоғамдық қозғалысының, кейіннен «Қазақстанның халық бірлігі» партиясы Орталық Комитетінің төрағасы. 8-13 шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1995 жылғы маусым - 2001 жылғы шілде аралығында - Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Монғолия, Вьетнам, Корея Халық Демократиялық Республикасында елшілік қызметін қоса атқарды. 2001 - 2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2007 - 2011 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2012-2016 жылдары – «Нұр Отан» ХДП-дан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылым депутаты. 2016-2021 жылдары – алтыншы шақырылым депутаты. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі қызметінде. 2012 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының жанынан құрылған Депутаттық әдеп кеңесінің төрағасы. 2005 жылы - ЕҚЫҰ реформалау жөніндегі көрнекті саясат қайраткерлері кеңесінің мүшесі. Еңбек Қызыл Ту (1981ж.), «Парасат» (2001 ж.) ордендерімен, 8 медальмен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» (2003 ж.) атақтары берілді. Отандық журналистиканың дамуына қосқан жеке үлесі үшін Қазақстан журналистика академиясы тағайындаған «Алтын самұрық» (2005 ж.) атаулы сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистикасын дамытуға сіңірген аса көрнекті еңбегі және елеулі үлесі үшін «Қазақстанның құрметті журналисі» (2008 ж.) белгісімен марапатталған.

74 жыл бұрын (1948) Қазақстан тарихындағы алғашқы елші әйел, Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты өкілі Ақмарал Хайдарқызы АРЫСТАНБЕКОВА дүниеге келді.

ҚазМУ-ды (1971, қазіргі ҚазҰУ) және аспирантурасын (1974) бітіргеннен кейін осы университетте кіші, аға ғылыми қызметкер (1974-78), Қазақстан ЛКЖО ОК-нде бөлім меңгерушісі (1973-83), Шет елдермен достық және мәдени байланыс жөніндегі Қазақ қоғамы төрағасының орынбасары (1983-89), Қазақ КСР Сыртқы істер министрі (1989-91), БҰҰ жанындағы ҚР-ның тұрақты өкілі (1992-99), Куба (1996-99) мен Франциядағы (1999-2003) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2002 жылдан Халықаралық дипломатия академиясының вице-президенті (Париж), 2003 жылдан Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарады. 1974 жылы «Кинетика и селективность гидрирования смесей органических соединений» тақырыбында кандидаттық қорғаған, ал 2004 жылы «Казахстан и Организация Объединенных Наций: история, проблемы и перспективы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты. «Құрмет» орденімен (1996) және медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1949) көрнекті мемлекет және саясат қайраткері, ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, генерал-полковник Қайырбек Шошанұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Новосібір қаласында туған. Свердлов заң институтын бітірген.

Еңбек жолын 1966 жылы Новосібір қаласындағы № 2 көпір тресі № 472 көпір пойызының көпір салушысы болып бастаған. 1969-1972 жылдары Новосібір қаласының ішкі істер басқармасына қарасты ӨҰБ СВПЧ-2-де қатардағы өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. 1972-1975 жылдары – Новосібір облысының Куйбышев қаласы прокуратурасының тергеушісі, аға тергеуші. 1975-1976 жылдары – Алматы қаласының Фрунзе ауданы прокуратурасының тергеушісі. 1976 жылғы қаңтардан тамызға дейін – Алматы қаласы прокуратурасының аға тергеушісі. 976-1979 жылдары – Алматы қаласының Ленин ауданы прокурорының орынбасары. 1979-1981 жылдары – Алматы қаласының Калинин, Алатау АІІБ бастығының орынбасары. 1981-1986 жылдары – Алматы қаласы Ленин АІІБ-нің бастығы. 1986-1987 жылдары – КСРО ІІМ-нің көліктегі Шығыс ІІБ бастығының орынбасары. 1987-1988 жылдары – Алматы қалалық партия комитетінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі. 1988-1989 жылдары – Алматы облыстық партия комитетінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі. 1989-1990 жылдары – Қазақстан Коммунистік партиясы ҚК-нің мемлекеттік-құқық бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1990-1991 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі. 1991-1992 жылдары – ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары. 1992-1995 жылдары – ҚР-ның Мемлекеттік кеңесшісі. 1995-2000 жылдары – ҚР Ішкі істер министрі – ҚР Ішкі әскерлері қолбасшысы. 2000-2002 жылдары - ҚР Ішкі әскерлері қолбасшысы. 2002-2003 жылдары – ҚР Ішкі істер министрі. 2003-2008 жылдары - ҚР Ішкі әскерлері қолбасшысы. 2008-2009 жылдары – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы. 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін – ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы. 2012-2016 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылым депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.

II дәрежелі «Даңқ», I дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.

50 жыл бұрын (1972) Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының басқарушы директоры Асқар Ғаниұлы ҚАЛИЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Гранд Каньон университетін (АҚШ) бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Экспорт-импорт банкінің маманы, бас маманы. 1995 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе болды. 1995-1998 жылдары – Қазақстан Республикасының Австриядағы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы. 1998-2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші, екінші, бірінші хатшысы. 2000-2001 жылдары – ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Сыртқы байланыстар департаменті Көпжақты ынтымақтастық басқармасының бастығы. 2001-2006 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бас инспекторы. 2006-2007 жылдары – «Экспортты кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы. 2007-2009 жылдары – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2009-2011 жылдары – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақтаушы банкі» АҚ Басқармасының төрағасы. 2011-2012 жылдары – ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлік даму комитетінің төрағасы. 2012-2015 жылдары – «Қазатомөнеркәсіп-Сорбент» ЖШС бас директоры. 2015-2019 жылдары – «Жасыл Даму» АҚ бас директоры.

«ҚР-ның Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін» (2005) медальдарымен марапатталып, ҚР Президентінің Алғыс хаттарын алған.


Соңғы жаңалықтар