12 шілдеге дейін Сбербанк салымшылары қаржысын басқа банктерге аудара алады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы Сбербанк биылғы 12 шілдеге дейін кез келген операцияны жүзеге асыра алады. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сбербанк мәселесіне тоқталсақ, 12 шілдеге дейін бұл банк клиенттер үшін кез келген операцияны жүргізе алады. Оның ішінде шетел валютасындағы операциялар да қамтылады», - деді М. Әбілқасымова Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда агенттік басшысы аталған банк осы мерзім аралығында депозиттер мен заңды әрі жеке тұлғалардың салымдарын, шетел валютасын басқа банктерге аудара алатынын айтты.

«Клиенттің өтінімі бойынша салымдарды басқа банкке аудару мүмкіндігі жасалады, яғни осы операциялардың барлығы орындалады», - деп түсіндірді ол.

Оның сөзіне қарағанда, ал ұлттық валютадағы операциялар санкциялар енгізілгеннен кейін де іске асырыла береді.

«Ресейлік үш банктен басқа қазақстандық банктерге қаражаттың қомақты сомада аударылуын байқадық. Тиісті шектеулер банк қызметіне айтарлықтай ықпал ететінін түсіне отырып, Сбербанк Қазақстан мен ВТБ банкі меншік иесін ауыстыру үшін жаңа инвестор іздеп жатыр. Олар банкті иеленетін әлеуетті инвесторды анықтағаннан кейін, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі АҚШ-тың өкілетті органдарынан рұқсат алуға қолдау көрсетеді, яғни санкция тізімінен шығару қадамдары жүргізіледі», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, агенттік басшысы үш ресейлік банк бойынша бірқатар клиенттің шоттары 3 млрд теңгеге бұғатталғанын айтты.

Сонымен қатар Центркредит банк санкция тізімінен Альфа-банкті шығару қадамдарын бастайды.


Соңғы жаңалықтар