12 желтоқсан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 12 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

94 жыл бұрын (1927-2006) жазушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зейнолла ҚАБДОЛОВ дүниеге келген.

Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде туған. 1945 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген. Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған. «Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовім» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған. Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған. 1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды. Басқа да көптеген еңбектері: екі томдық шығармалары, «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалар жинағы, «Менің Әуезовым», «Ұшқын», «Жалын» романдары, таңдамалы шығармалар, бес томдық алғашқы кітаптары «Жазушы», «Санат» баспаларынан әр жылдары басылып шыққан. Аударма жұмысымен де айналысып, А. Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н. Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В. Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В. Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М. Горкийдің «Күн перзенттері», Н. Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған. «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.

93 жыл бұрын (1928-2008) қырғыз жазушысы, Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты Шыңғыс Төреқұлұлы АЙТМАТОВ дүниеге келген.

Қырғыз Республикасының Талас облысында туған. Жамбыл зооветеринарлық техникумын, Қырғыз ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазіргі әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі саналатын Шыңғыс Айтматов проза жанрында және киносценарий, драматургия, әдебиет сыны, аударма салаларында еңбек етті.

«Литературный Киргизстан» журналының редакторы, «Правда» газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, Қырғызстан кинематографистер одағының төрағасы, Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, «Иностранная литература» журналының бас редакторы, КСРО-ның Люксембургтегі елшісі, Қырғызстанның Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарды.

Қаламгердің 1952 жылы «Әшім» атты тұңғыш әңгімесі жарияланды. Онан кейін «Аспалы көпір», «Бетпе-бет», т.б. әңгімелері жарық көрді. Жазушыны алғаш әлемге танытқан таңдаулы туындысы әйгілі «Жәмила» повесі болды.

Шығармалары шет елдерге де кеңінен танылды. Айтматов туындылары түгелдей дерлік қазақ тілінде жарық көрді. Сонымен бірге француз, неміс, жапон, араб, түрік, парсы, тағы басқа да дүниежүзінің көптеген халықтарының тілдеріне аударылды.

1963 жылы Ш. Айтматов «Тау мен дала хикаясы» атты шығармалар жинағы үшін Лениндік сыйлықты алды. Бірсыпыра шығармаларының желісімен жасалған драмалық туындылары, қазақ драматургы Қ. Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы Қазақстанның республикалық, облыстық театрлары сахнасынан берік орын алды.

1997 жылы қазақ ақыны М. Шахановпен бірігіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы жарық көрді. Осы екеуі бірігіп жазған «Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сәт» атты пьесасы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында қойылды.

Ш.Айтматов бірсыпыра Еуропа елдері академияларының құрметті академигі, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Қырғызстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

61 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы Мұхтар Абрарұлы ҚҰЛ-МҰХАММЕД дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолы:1982-1992 жылдары – «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының ғылыми редакторы, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас директордың орынбасары. 1992-1999 жылдары – шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті. 1999-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары. 2007-2008 жылдары – Қызылорда облысының әкімі. 2008-2010 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары – ҚР Мәдениет министрі. 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы. 2013-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі. 2014-2015 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 2015 жылы - ҚР Президенті лауазымына кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі (03.2015-05.2015); 2015-2016 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі 2016-2018 жылдары – «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары.

Қазіргі қызметінде 2018 жылғы ақпан айынан бері.

Заң ғылымдарының докторы, профессор. 100-ден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, руханият пен өркениет мәселелеріне арналған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған.

46 жыл бұрын (1975) «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының трансформация және цифрландыру жөніндегі бірінші орынбасары Әнуар Мұратұлы АХМЕТЖАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, Халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі экономист (1996); Джонс Хопкинс университетін, Вашингтон (АҚШ) «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша, халықаралық қаржы және халықаралық қатынастар магистрі (2000).

Еңбек жолы: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Халықаралық экономикалық қатынастар» кафедрасының оқытушысы (1996-2000); «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ Стратегиялық жоспарлау департаментінің бас талдаушысы, сыртқы-экономикалық байланыстар департаментінің бас менеджері, Солтүстік-Каспий жобасы бойынша департаментінің менеджері (2000-2003); «ҚазМұнайТеңіз «ТМК» АҚ директорының орынбасары, жобалық талдау департаментінің директоры (2003-2004); «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ теңіз жобаларын дайындау департаменті директорының орынбасары, 2004-2006 жж); «Самұрық-Қазына «холдингі» АҚ-да мұнай-газ активтерін басқару жөніндегі топтың бас сарапшысы (2006-2007); «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ мұнайды барлау және өндіру жобалары жөніндегі Атқарушы директоры, бас менеджері (2007-2010); «Қазгермұнай «БК» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары (2010-2012); Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, индустрияландыру және инвестициялар мәселелері жөніндегі орынбасары (2012-2016); Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты 2016-2019); Қазақстан Республикасы цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы (2019-2020). Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі (2020-2021)

Қазіргі қызметінде – 2021 жылғы шілдеден бастап.

35 жыл бұрын (1986) ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің басшысы Зарина Нұрланқызы НҰРЛАНОВА дүниеге келді.

Алматы облысының Талдықорған қаласында туған. 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «әлеуметтану» мамандығы бойынша, 2017 жылы «КАЗГЮУ университеті» АҚ және UBIS университетін іскерлік әкімшіліктендіру мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2009 жылы «Arna Media Advertising» ЖШС менеджері ретінде бастаған. Түрлі жылдары «Қазконтент» АҚ атқарушы, басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет еткен, Еуразиялық интеграция институтын басқарған, сондай-ақ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметінде – 2018 жылдың шілде айынан бастап.


Соңғы жаңалықтар