14 қарашадан бастап Павлодарда блок бекеттерден pvlinfo.kz сайтына тіркелгендер ғана өте алады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 9 қарашадан бері облыс орталығындағы блок бекеттер арқылы 56 мыңнан астам көлік кіріп-шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям мәлім етті.

- Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес 9 қарашадан қалаға кіреберістерде 5 блок бекет орнатылған болатын. Осыған дейін бекеттерден жұмыс орнынан алған анықтамалар арқылы өткізіп келген болса, ертеңнен бастап pvlinfo.kz сайты арқылы тексеріп өткізеді. Бүгінде сайтқа жеке және заңды тұлғалардан 15 мыңнан астам өтініш келіп түсті, - деді Ержан Иманслям.

Қала әкімінің айтуынша, соңғы тәулікте блок бекеттерден 12236 көлік кіріп-шыққан болса, 210 көлік кері қайтарылған. Ал, 9 қарашадан бері бекеттер арқылы 56 мыңнан астамы кіріп-шыққан.
Сондай-ақ шаһар басшысы карантиндік шектеулерге қатысты барлық сұрақтар бойынша 109 байланыс нөміріне хабарласуға болатынын атап өтті. Бүгінде 109 орталығына тәулігіне 2 мыңнан астам қоңырау түсуде.
Айта кетейік, Павлодар қаласында коронавирус жұқтырғандар саны 3327-ге жетті. Өткен тәулікте 43 адамнан КВИ анықталды. Оның ішінде 22 науқас бұрын КВИ жұқтырғандармен байланыста болғандар. Оған қоса, 43 адамның ішінде 10-ы – бала, алтауы – 60 жастан асқан тұрғындар. Барлық науқастармен байланыста болған 148 адам анықталды. Қазіргі уақытта қалада індеттің өсімі 1,3 пайызды құрайды.


Соңғы жаңалықтар