14 желтоқсан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 14 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

66 жыл бұрын (1953) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Жәкен Қожахметұлы ТАЙМАҒАНБЕТОВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих, филология және философия институтының (Новосібір) аспирантурасын бітірген. 1979-1999 жылдары - Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші және аға ғылыми қызметкері, директордың орынбасары. 1999-2008 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан мен оған іргелес аймақтардағы палеолит мәселелеріне арналған. 250-ге жуық ғылыми еңбектің, соның ішінде 22 монографияның, жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарының авторы. Ғылыми ізденістеріне Еуразияның ежелгі мәдениет тарихы, Қазақстан аумағында адамның алғашқы қоныстануы, оның материалдық мәдениеті, ежелгі этникалық байланыстар мен миграция мәселелері кіреді. Ғалым әлемге әйгілі болған Қазақстан аумағындағы ежелгі ескерткіштерді (Қызылтау, Саяқ, Шоқтас, Қошқорған, Ембі, Өзен, т.б.) алғашқы ашушылардың бірі. 1992 жылдан бастап біріккен Казақстан - Ресей кешенді археологиялық экспедициясын басқаруға тікелей ат салысты. Нақты археологиялық мәліметтер негізінде Қазақстан аумағын адам баласы бұдан 1 миллион жыл бұрын мекендегенін дәлелдеді.

49 жыл бұрын (1970) балуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның он бір дүркін чемпионы Мәулен Сатымбайұлы МАМЫРОВ дүниеге келді. Алматы облысы Қаратал ауданында туған. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген. 1989 жылдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі болды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің (Австрия, 1988) қола, КСРО жастар ойындарының (Запорожье, 1989) күміс жүлдегері, КСРО Кубогінің (Тбилиси, 1990) жеңімпазы, КСРО чемпионы (Гомель, 1990), ТМД елдері чемпионатының (Мәскеу, 1992) қола жүлдегері, Азия ойындарының (Хиросима, Жапония, 1994) чемпионы, Азия Кубогі жарысының (Индонезия, 1995), Орта Азия ойындарының (Ташкент, 1995) жеңімпазы, 26-Олимпиада ойындарының (АҚШ, Атланта, 1996) қола, Әлем чемпионатының (Красноярск, РФ,1997) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының (Алматы, 1997), Шығыс Азия ойындарының (Пусан, Корея, 1997 және Осака, Жапония, 2001), Азия (Ташкент, 1999) чемпионы болып, бірнеше дүркін Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған. 1991-2003 жылдары - Талдықорған қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы-жаттықтырушысы. 1997-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Штаттық Ұлттық командалар дирекциясының спортшы-нұсқаушысы. 1996-2004 жылдары - еркін күрестен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының капитаны. 2005-2007 жылдары Алматы облысы еркін және грек-рим күресі федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған. І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар