15 балам бар мен бақытты әкемін – петропавлдық Павел Култышев

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ең көп балалы отбасы Петропавлда тұрады. Култышевтардың 15 баласы бар, жазға таман өмірге тағы бір сәби келмек. Бақытты шаңырақ иесі Павел Култышев ҚазАқпарат тілшісіне сұқбат берді.

Петропавл қаласының тұрғындары Павел мен Татьяна Култышевтардың шаңырақ көтергендеріне биыл 18 жыл. Олардың басқа көптеген отбасылардан ерекшелігі – 15 баланы дүниеге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп жатқандығында. Бүгінде олардың сегіз ұлы, жеті қызы бар. Ең үлкені – Инна 18 жасқа келсе, кенжелері Люба 14 мамыр күні 1 жасқа толады.

- Павел, күндеріңіз нешеде басталады? Бәріне қалай үлгересіздер?

- Барлығы сияқты таңғы сағат 7.00 шамасында тұрамыз. Өйткені балалардың 11-і, біреуі түске дейін, енді бірі түстен кейін мектепке барады. Жуынып, киініп, тамақтарын ішіп үлгерулері керек. Бұрын балалар кішкентай болғанда қиындық көрдік. Қазір үлкендері бауырларына қарайды. Үй шаруасына да көмектеседі. Еңбекке баулып өсіріп жатырмыз.

- Үлкен отбасыға азық-түлік көп керек. Сондай-ақ кей баланың тағамды таңдап жейтіні бар, мұндайда не істейсіздер?

- Әдетте, дүкендерден аламыз керегімізді. Кей өнімдерді бағасы арзан кезінде алып қоюға тырысамыз. Мысалы, көкөністерді. Отбасы үлкен болғандықтан азық-түлікке көп қаражат кетеді. Бір жақсы жері үлкені де, кішісі де тамақты таңдап ішпейді. Қазір балалар ауырып қалды, оларға ең керек деген дәрі-дәрмекті ғана бүгін 25 мың теңгеге алдым.

- Балаларға есімді қалай таңдайсыздар?

- Бәріміз бірігіп шешеміз, отбасылық кеңесте. Бір ұлымызға «Володя» деп атасының есімін бердік, бір ұлымыздың атын маған, тағы бір қызымыздың есімін анасына аттас етіп қойдық.

- Отбасылық дәстүрлеріңіз бар ма?

- Туған күндерге аса мән береміз. Балалардың туған күні біз үшін үлкен мереке. Бұл күні міндетті түрде қазақша ет асуға тырысамыз. Татьяна нанын салып, тұздығын құйып әдемілеп пісіреді. Бұл біздің отбасының сүйікті асы.

- Бала тәрбиесінде неге аса мән бересіздер?

- Біздің үйдің балалары тәртіпті, тәрбиелі, артық-ауыс еркеліктері жоқ. Оны кімнен сұрасаңыз да айтады. Бірақ, бұл тәртіп негізінен сыйластыққа, ынтымаққа негізделген. Үлкен отбасы болғандықтан белгілі бір тәртіп, ереже болуы керек. Әркімнің өзінің жеке міндеті болғаны дұрыс.

Жұбайым Татьяна мектепті бітіре сала маған тұрмысқа шықты. Жиырма жасында тұңғышымызды өмірге әкелді. Қазір үйге, балаларға ие болады. Сол себепті бізде балабақшаға қажеттілік жоқ. Балалардың тәрбиесімен де негізінен сол айналысады.

- Мамандығыңыз кім, қайда жұмыс істейсіз?

- Дәнекерлеушімін. Былтыр «Бастау» бағдарламасына қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Курстан өтісімен маған 250 мың теңге грант берді. Ол ақшаға дәнекерлеу аппаратын алдым. Қазір жеке кәсіпкерлік ашқанмын. Тапсырыс бойынша жұмыс істеймін. Үлкен отбасы болғандықтан шығын көп. Көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен әлеуметтік көмек беріледі. Бірақ ол ақшаны қанағат тұтып, қол жайып отыру дұрыс емес.

- Көп балалы отбасының артықшылығы неде?

- Біз діндар адамдармыз. Сол себепті әр баланы «Алланың сыйы» деп қабылдаймыз. Үлкен отбасындағы балалар бауырмал, еңбекқор, бір-біріне пана болып өседі. Жалпы мен – бақытты әкемін. Үйге келгенде бәрі алдымнан шығып қарсы алады. Ұл-қыздарым – менің байлығым. Әрине, баланы өмірге әкелгеннен кейін оған дұрыс тәрбие беру, оқыту керек. Жауапкершілігі зор. Біздің балалар бірінші сыныпқа әріп танып, жазуды үйреніп барады. Ересектерін музыкалық мектепке бергенбіз. Ешкімнен кем емес, тамақтары тоқ, киімдері көк.

Қазір Татьяна 16-ыншы баламызды көтеріп жүр. Мамыр айының соңында, маусым айының басында өмірге келуі керек. Әзірше дүниеге кім келетінін білмейміз. Біз үшін ең бастысы, дені сау болып туғаны маңызды.

- Отбасыңызға амандық тілеймін! Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар