15 қазан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 15 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат өз оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

127 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері Сәкен СЕЙФУЛЛИН дүниеге келген.

Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған.

1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болды. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. 1920 жылы Ақмолаға оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасады.

«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы жазаға ұшырады. Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.

116 жыл бұрын (1905-1995) ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әбу (Әбуғали) СӘРСЕНБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Астрахандағы партия мектебін, Алматыдағы Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген.

1934-1936 жылдары - «Түрксіб» газетінің редакторы. 1936-1942 жылдары - Қазақ мемлекеттік баспасының директоры. 1942-1947 жылдары Кеңес армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры қызметтерін атқарған. Оның «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны 1937 жылы жарық көрген. «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақша бұлт» атты өлең кітаптары, «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге), «Теңіз махаббаты» пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайловпен бірге құрастырған, 3-сыныпқа арналған), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған), «Ана тілі» (3-сыныпқа арналған) оқулықтары, әскери новеллалар мен эсселер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған.

Қызыл Жұлдыз, Қазан революциясы, Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Туы, Отан соғысы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

109 жыл бұрын (1912-1998) жазушы, аудармашы, журналист, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жайық БЕКТҰРОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Ақмола ауданы Қызылағаш ауылында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін (1934), Қазақ мемлекеттік университетін (1955) бітірген.

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында комсомол жұмысында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы «Колхоз жолы» (кейін «Еңбек туы») газетінің редакторы, Талдықорғанда ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. «Жол жоралғысы» (1977) жинағының авторы. Л.Пантелеев, Г.И.Серебрякова, Д.Дефо, Ш.Петефии, Я.Г.Гашек, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ зиялылары туралы жазылған естеліктері мен әдеби портреттер жинағы шықты.

85 жыл бұрын (1936-2007) жазушы, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдебиет сыйлығының лауреаты Сайын МҰРАТБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген.

1977-1984 жылдары - «Жұлдыз» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, редакторы. 1984-1991 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, басқарма хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры. 1992-1996 жылдары - «Халық конгресі» газетінің бас редакторы. «Невада - Семей» қозғалысы басшыларының бірі болды. Жазушының алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарық көрді. Оның халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара» «Басында Үшқараның», т.б. шығармалары ұлттық бояуының қанықтығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме-повестері - қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар. Мұратбековтің туындылары бойынша «Тел өскен ұл», «Ұлтуған» кинофильмдері мен 9 қысқа метражды фильм түсірілген. Ол Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов шығармаларын, тәжік классигі С.Айнидің «Вобкенттік Шүкірбек», орыс жазушысы Ю.Казаковтың «Қыру - шыру», украин жазушысы О.Гончардың «Қас-қаққандай бақыт үшін», Африка жазушысы Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» атты туындыларын, сондай-ақ жүзден астам көркемсуретті фильмді қазақ тіліне тәржімаласа, өзінің де шығармалары 30-дан астам шет ел тілдеріне аударылған. Құрмет белгісі орденімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.


50 жыл бұрын (1971) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Рүстем Есләмбекұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.

Көкшетау (қазіргі Ақмола) Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін, Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы Көкшетау облысы Авангард кеңшарының комсомол ұйымдастырушысы болып бастаған. 1994 жылға дейін совхоз директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 1994 жылдан 2002 жылға дейін Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облысы және Ақмола облыстарында түрлі қызметтерде жұмыс істеді, Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында халықаралық сертификаттарға ие. Есеп комитетіндегі жұмысын 2002 жылы мемлекеттік бақылаушы, сектор меңгерушісі, бөлім бастығының орынбасары, экономикалық дамуды мемлекеттік бақылау бөлімінің бастығы және экономиканың нақты секторының аудит бөлімі ретінде бастады.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді. «Құрмет» орденімен (2020),«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Ерен еңбегі үшін» (2008), «Қаржы сақшысы» (II және III дәрежелі) (2016, 2018), «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» (2020) медальдарімен, «Қаржы бақылау саласының құрметті қызметкері» (2012) төсбелгісімен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар