169 шетелдік ел аумағынан шығарылды - Алматы облысы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полициясы 169 шетелдіктің қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамағанын әшкерелеп, ел аумағынан шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,

2020 жылы облысқа 29 мыңнан астам шетелдік келген. Оның екі жүзге жуығы алыс шетелден болса, басым бөлігі жақын мемлекеттерден.

«Көші-қон саласындағы заң талаптарын бұзғаны үшін былтыр 7872 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 169 адам елден шығарылса, азаматтық сот өндірісі тәртібінде 16 адам елімізден тысқары кетті. Қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзу дерегі бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда үш есе аз»,- деді облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.

Ведомство өкілінің ақпаратына сәйкес, заң талабын бұзғандарға 80 миллион теңгеге жуық айыппұл салынып, толығымен өндірілген. Көші-қон полициясы алимент төлеуден жалтарған 364 адамның мекенжайын анықтаған.

«2020 жылы 10876 адам еліміздің азаматтығына қол жеткізді. Оның басым бөлігінде төлқұжат жеңілдетілген тәртіпте әзірленді. Сонымен қатар, 710 адам Қазақстан азаматы деп танылса, 480 өтініш беруші азаматтығы жоқ тұлға куәлігін алды. Өзге мемлекеттерге тұрақты тұруға 750 адам құжаттарын рәсімдеді»,- деп толықтырды полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.


Соңғы жаңалықтар