19 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 19 қыркүйекке арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

116 жыл бұрын (1905-1983) ақын, жазушы Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ташкент политехникумын, Мәскеу Баспа институтын бітірген.

«Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болған.

1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары жеке кітап болып басылып шықты.

Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті.

«Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі», «Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы», «Ажалды жеңген алыптар», «Батырлар дастаны», «Уборщица», «Берлин көшесінде», «Испания», «Қараңғы түнде», «Рейн жағасында» поэмаларының, «Біздің Сәуле», «Қош аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» тағы басқа әнге арналған өлеңдерінің, Ыбырай Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан төңкерісінің қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге), «Қарбаласта» повестері мен романдарының, «Жыр күмбезі» атты тарихи романның авторы.

«Екі заң», «Сайлау», «Алдар Көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды.

Қазан төңкерісі, І дәрежелі Отан соғысы, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

51 жыл бұрын (1970) ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Әбіл Тауфикұлы ЖОЛАМАНОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тарихшы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1992 жылы Батыс Қазақстан облысында Жымпиты орта мектебінің тарих және қазақ тілінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бастады.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы әкімі аппаратының жастармен жұмыс, туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі (1994-1999); Сырым ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі (1999-2000); Сырым ауданы әкімі аппаратының аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі (2000-2007); Сырым ауданы әкімі аппаратының аудандық білім бөлімінің меңгерушісі (2007-2008); БҚО тарихи-өлкетану мұражайының директоры (2008-2014); 2014 жылы тамыз-желтоқсан аралығында «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚҚ директоры. Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқарма басшысының орынбасары (2014-2016); Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқарма басшысы (2016-2017); ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары (2018-2019).

Қазіргі қызметінде 2019 жылдан бастап.

43 жыл бұрын (1978) ҚР Парламент Мәжілісі аппарат басшысының орынбасары Дархан Аманбекұлы МЕДЕУБАЙ дүниеге келді.

Білімі жоғары: Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, инженер; Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университеті, қаржы бакалавры.

Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қалалық салық комитетінде бас маман болып бастады.

2005-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппаратының бас маманы.

2009-2012 жылдары - «Нұр Отан» ХДП төрағасы бірінші орынбасарының көмекшісі, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты ұйымдастыру-партиялық жұмыс жөніндегі департаменті директорының орынбасары.

2012-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында халықаралық байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мәжіліс Төрағасының көмекшісі, Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мәжіліс Төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды.

2014-2015 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының инспекторы.

2015-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары.

2016 жылдың маусым айынан бастап - ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған.


37 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Көбентайұлы ДАРБАЕВ дүниеге келді.

Ақмола облысында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Warwick университетін («Болашақ» бағдарламасының стипендиаты) тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған.

Түрлі жылдары «Бәсекелі саясатты дамыту және қорғау орталығында», Алматы облысы бойынша Монополияға қарсы басқармада бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы, басшысы қызметтерін атқарған.

2013-2014 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау департаментінің директорының орынбасары болды.

2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау басқармасын басқарды. 2015-2017 жылдары — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасының орынбасары.

2017-2019 жылдары ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап.


Соңғы жаңалықтар