20 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 21 қыркүйекке арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

130 жыл бұрын (1891-1938) қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі, қоғам қайраткері Жұмақан Маусымбайұлы КҮДЕРИН дүниеге келді.

Семей облысының Аягөз қаласында туған. 1918 жылы Лепсі қаласында Кеңестердің І съезінде делегат және Жер комиссары болып сайланған. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, оның тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың жанұя еліне қайта оралды. 1921 жылы Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індетіне қарсы емдеу жұмыстарына қатысты. 1924-1930 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде оқыған. Осы университетте оқып жүріп, Түркістанның табиғи ресурстары мен осы өңірді аудандарға бөлуді зерттеумен айналысқан экспедицияға қатысты. Ол «Қытайдағы босқындар өмірі», «Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» атты этнографиялық еңбектердің, «Ботаника», «Қой мен оның жүні», «Кендір» секілді биологиялық еңбектердің авторы. Ең құнды еңбектерінің бірі - «Орта Азиядағы жыландар түрі» мен «Өсімдіктану» оқулығының араб және латын әрпімен тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көруі. 1930 жылы ғалым тұтқындалып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылды. 1935 жылы тұтқыннан босаған ол Алматыға оралып, ҚазКСР Жер Халық комитетінің Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном болды. 1937 жылғы мамырдың 22-інде қайтадан тұтқынға алынып, 1938 жылғы наурыздың 7-сінде ату жазасына кесілді. 1990 жылы маусымда ақталды. Алматыда бір көше Күдерин есімімен аталады.

98 жыл бұрын (1923-2014) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты Сайым Балуанұлы БАЛМҰҚАНОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік медицина университеті) бітірген. 1946-1953 жылдары - Хирургия институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1953-1960 жылдары - Алматы медицина институты рентгенология және радиология кафедрасының меңгерушісі. 1960-1962 жылдары - Өлкелік патологиялық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1962-1995 жылдары Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1996 жылдан осы институттың құрметті директоры атанған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиология, сәулемен емдеу мәселелеріне арналған. Қатерлі ісікті анықтау, одан сақтану әдістерін жетілдіру, уытты ісіктерді хирургиялық жолмен және жаңадан шыққан радиомодификаторларды пайдаланып, сәулемен емдеу әдістерін тапты. Осының нәтижесінде әйелдер кеудесіндегі қатерлі ісік ауруынан айығып кету көрсеткіші, басқа органдарға түскен қатерлі ісіктің айығып кету көрсеткішіне қарағанда 1,5 есе жоғары болады. Республикада клиникалық онкология және радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты.

1954-1960 жылдары орын алған Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың жергілікті тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеуге қатысты. Бірақ бұл мәліметтер 1990 жылдан кейін ғана жарық көре бастады.

«Мегавольттік сәулемен емдеу», «Природные фенолы - перспективный класс противоопухолевых и радиопотенцирующих соединений», «Злокачественные опухоли костей. Вопросы теории и прогнозирования», «Ядерный полигон моими глазами», «The radiation situation and Population health status in some towns of Semipalatinsk Province» атты ғылыми еңбектердің авторы.

60 жыл бұрын (1961) Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Тұрсынұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, заңгер (1985). Еңбек өтілі: Совет ауданы прокуратурасының тергеушісі, Алматы прокуратурасының және ҚР бас прокуратурасының органдарында қызмет етті (1985-1997); «Қазақстан темір жолы» РМК бас директорының орынбасары (1997-1998); Ақмола облысы әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары (1998-1999); Астана қалалық сотының судьясы (1999-2002); Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2002-2006); Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы (2006-2010); Қарағанды облыстық соты апелляциялық сот алқасының төрағасы (2010-2011); Жоғарғы Сотының жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысы (2011-2012). ) ҚР Жоғарғы сотының судьясы (2012-2020).

Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың сәуір айынын бастап. «Құрмет» (2011) орденімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1965) актер, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Жас көрермендер театрының бас директоры Ғани Әбдуалиұлы ҚҰЛЖАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. Қызылорда қалалық музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік театр және кино институтын бітірген. 1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, жас көрермендер театрының бас директоры болды. М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклінде Айбар, М.Байджиевтің «Қалындық пен күйеу» - күйеу, У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» - Гортензио, М.Әуезов «Айман-Шолпан» - Арыстан, Е.Замятиннің «Еділ патшасында» - Вегила, Ғ.Мүсірепов «Махаббат туралы аңыз» - Қодар, Иран Ғайыптың «Шынғыс ханында» - Сүбітай, «Абылай ханында» - Әбілмансұр, Қ.Аширдың «Қабыл - Адам Ата перзенті» - Абыл, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» - Құмар, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Эрих Кламрот, У.Шекспирдің «Гамлетінде» - Король Клавдий, Д.Исабековтің «Әпкесіндегі» - Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» - Қасымсұлтан, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» - Оразқұл, Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлдерін ойнап, «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», Ресей киностудяларында киноға түскен.

Кейінгі кездері «Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке», «Дневной дозор», «Ләйләнің зары», «Жас ұлан» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған.

46 жыл бұрын (1975) ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Амангелдіқызы АСЫЛОВА дүниеге келген.

Ақмола облысында туған. 1996 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (нархоз) тәмамдаған.

1996-1997 жылдары Көкшетау облыстық қаржы басқармасының 1-санаттағы маманы, жетекші маманы. 1997-1998 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының жетекші, бас маманы.

1998-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Бюджет департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы, Білім және ғылым бөлімінің жетекші, бас экономисті.

2001-2002 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы Білім және ғылым бөлімінің бастығы. 2002 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы бастығының орынбасары.

2002-2004 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саладағы шығындарды жоспарлау департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасының бастығы. 2004-2007 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Экономика және қаржы департаментінің директоры. 2007-2009 жылдары ҚР Статистика агенттігі Ішкі әкімшілік департаментінің директоры.

2009-2010 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры. 2010 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саланың дамуы департаментінің директоры. 2010-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік саланың бюджеттік бағдарламаларын жоспарлау, орындалуын талдау және іске асырылуын бағалау департаментінің директоры. 2013-2014 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік сала бағдарламаларын бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры.

2014-2016 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры.

Қазіргі қызметінде 2016 жылғы маусымнан бері.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған. Құрмет грамоталары, мерейтойлық медальдары және алғыс хаттары бар.

33 жыл бұрын (1988) Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Марат Талғатұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген. Еңбек жолын Лондон қаласында (Ұлыбритания) «Digiet Limited» IT компаниясында бизнес-сарапшы болын бастаған (2009). Кейінірек, «Digiet Limited» IT компаниясының коммерциялық директоры (2010-2012), ҚР Экономикалық даму және сауда, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі (2012-2014) және ҚР ҰЭМ тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары (2014-2016) лауазымында қызмет еткен. 2016-2017 жж. «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры болған. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасы, QazTech Ventures» АҚ Басқарма төрағасы (2017-2019), «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры – басқарма мүшесі (2019-2020).

Қазіргі қызметін 2020 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарімен марапатталған.


32 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Сәкенұлы ҚУАНТЫРОВ дүниеге келді.

Томск мемлекеттік университеті, халықаралық қатынастар бакалавры (2006-2010); Қазақ гуманитарлық заң университеті, құқық бакалавры (2010-2012); Колумбия университеті, Құқық мектебі, құқық магистрі (LL.M.) (2013-2014).

Еңбек өтілі: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Халықаралық ынтымақтастық және өзара іс-қимыл басқармасының менеджері (2010-2011); Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық экономикалық интеграция департаментінің сарапшысы (2011-2014); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаментінің сарапшысы (2014-2015); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің сарапшысы (2015-2016); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаментінің бас сарапшысы (2016-2017); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директорының орынбасары (2017-2019); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті директор орынбасарының м.а., директор орынбасары (2019-2020). «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директоры (2020). Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңға тәуелді актілер департаментінің директоры (2020-2021).

Қазіргі қызметінде 2021 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді.


Соңғы жаңалықтар