200-ден астам сот сарапшысы шетелде біліктілігін арттырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның 200-ден астам сот сарапшысы шетелдің жоғары оқу орындарында біліктіліктерін арттырды.

Бұл жайында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау министрліктің басым бағыттарының бірі болып қалуда. Осыған қарай кәсіптің мәртебесін көтеру жұмыстары жалғасып келеді. Сот сараптамалары орталығы сот сарапшыларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау мақсатында еліміздің және жақын шетелдердің жоғары оқу орындарында 240 сот сарапшысы оқытылды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында 2014 жылдан бастап 2019 жылға дейін Сот сараптамалары орталығының 54 сот сарапшысы Ұлыбританияда ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағы 16 сот сарапшы 2020 жылдың ақпан айында оқуларын бастайды. Кадрларды іріктеу мақсатында Жұмыспен қамту орталықтарымен ынтымақтастық және медициналық жоғары оқу орындарының жыл сайынғы жәрмеңкелеріне қатысу жүзеге асырылады.

«20 жас маман резидентурада және медициналық жоғары оқу орындарының магистратурасында оқытудан өтуде. Олар кейін институттарға жұмысқа орналастырылатын болады. Одан басқа, Дүниежүзілік банктің жобасы аясында 2017-2019 жылдары 213 сот сарапшысы 18 бағыт бойынша Ұлыбританияда, Израильде, Литвада, БАӘ, Ресейде, АҚШ-та және Түркияда біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Сот сарапшыларының біліктілігін арттыру мақсатында Сот сараптамалары орталығы Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарымен тұрақты негізінде жұмыс істейді.

Олар: Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М.Нәрікбаев атындағы «ҚазМЗУ университеті» АҚ, Нұр Сұлтан, Семей және т.б. қалаларының медициналық жоғарғы оқу орындары», - деп атап өтеді Марат Бекетаев.


Соңғы жаңалықтар