2020 жыл: Жазғы Олимпиада шегеріліп, ұлттық спорт түрлері ұлықталған жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылды спорт сүйер қауым асыға күтті. Себебін сезіп біліп отырғаныңыздай, төрт жылда бір өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының шымылдығы биыл Токиода ашылуы керек еді. Әйтсе де коронавирус пандемиясы төрт жылдықтың басты додасын келесі жылға ысырып отыр.

Саяси себептермен жарияланған байкоттарды есептемегенде Жазғы Олимпиада Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет өтпей қалғанын атап өту керек.

«Спорт жылы» болуға тиіс 2020 жыл отандық спорт саласына қандай өзгерістер әкелді? Спортты дамытуға бағытталған қандай заңдар қабылданды? Ұлттық спортты дамытуда қандай қадамдар жасалды? Бұл сұрақтарды ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетіне жолдап көрген еді.

Спортшы этикасы қабылданды

Жыл басында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорттық этика нормаларын қабылдады. Құжатта спортшылар, жаттықтырушылар, жаттықтырушы-оқытушылар және спорттық төрешілер қоғамдық орындарда өздерін моральдық-этикалық нормаларға сай ұстауы керектігі көрсетілген. Таза ойын принциптерін ұстанып, қарсы команданың өкілдері мен ойын ұйымдастырушыларына құрметпен қарауға тиіс. Сонымен қатар, ҚР ұлттық рәміздерін құрметтеп, ҚР әнұранының мәтінін жатқа біліп, төреші шешіміне құрметпен қарауға және жария дау-дамайдан аулақ болуға, спорттық жарыс қорытындылары бойынша алған спорттық марапаттарға (кубоктер, медальдар және дипломдар) ұқыпты және құрметпен қарауға міндетті. Бұдан басқа, спорттық іс-шараларды жариялап отырған журналистердің (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері) жұмыстарына құрметпен қарап, спорттық жарыстардың марапаттау рәсіміне қатысуға тиіс.

Спортшыларға, жаттықтырушыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға және спорт төрешілеріне қатысты міндеттемелер:

- оқу-жаттығу процесіне қатысы бар ақпаратты жария етуге;

- спорттық іс-шаралар кезінде немесе одан кейін балағат сөздер мен нормативтік емес лексиканы, қорлайтын қимылды пайдалануға;

- спорттық жарыстардың немесе оқу-жаттығу жиындарының барысын себепсіз бұзатын немесе араласатын не Қазақстан Республикасының беделіне немесе имиджіне теріс әсер ететін кез келген әрекет немесе мінез-құлық көрсетуге;

- ым тілі мен мимиканы қоса алғанда, жазбаша немесе ауызша түрде спорттық жарыс алдында, жарыс өткізіліп жатқан кезде және (немесе) өткізгеннен кейін қандай да бір адамға қоқан-лоқы көрсетуге;

- командада өзінің діни нанымдарын ашық көрсетуге және басқа адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға мәжбүр етуге жол берілмейді.

Сенат бұқаралық спорт туралы заң жобасын мақұлдады

ҚР Парламенті Сенатының депуттатары биыл «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қолдады. Заң жобасының негізгі бағыттары уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту, спорттық инфрақұрылымды қолжетімді ету, білім беру саласындағы жаңалықтарды қамтиды.

Айта кетейік, аталған заң жобасын қабылдау арқылы барлық жас санаттары арасында дене шынықтыру және спортпен айналысатын халық санын ұлғайтып, салауатты өмір салтын насихаттап, спортшыларды медициналық бақылау үшін жағдай жасау.

Ұлттық спорт түрлері мектеп бағдарламасына енеді

Әлемдік спорттық қарқын бәсеңдеп қалды десек те, биыл ұлттық спорт түрлерінің тынысы ашылды деуге әбден болдаы. Нақтырақ айтқанда, биыл «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында ұлттық спорт түрлеріне қолдау көрсетіліп отыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұған дейін бірнеше рет атап өткендей, заң жобасына ұлттық спорт түрлері мен жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламаларына енгізілген. Бұл - заңнаманың негізгі құрамдас бөлігі. Бірінші кезекте білім беру мекемелері асық ату, тоғызқұмалақ және қазақ күресі енгізіледі.

Комитеттің хабарлауынша, бүгінгі таңда «Qazaq kuresi» қауымдастығы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен бірлесіп, қазақ күресін дамыту бойынша 2020-2021 оқу жылына арналған іс-шаралар жобасын дайындаған. Бекітілген жоба оқу жылы барысында мақұлданған соң жалпы білім беру мектептері үшін әдістемелік ұсыныстар даярланады.

Одан бөлек Нұр-Сұлтан қаласындағы 23 жалпы білім беретін мектепте 6-11 сыныптардағы дене шынықтыру сабағының вариативті бөлігіне қазақ күресінің элементтері енгізілуде.

Осы жылы сондай-ақ ғылыми-практикалық базаны нығайту, оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, мамандарды қайта оқытып, біліктіліктерін арттыру мақсатында «Qazaq kuresі» академиясы құрылды.

Тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді

2020 жылы 17 желтоқсанда тоғызқұмалақ ойыны Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілді. Отандық делегация құрамында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы МЕММ бойынша Ұлттық комитеттің сарапшылары болды.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2018-2021 жылдар аралығында комитет жұмысына ЮНЕСКО-ның осы беделді органының мүшесі ретінде қатысып келеді. Аталмыш сессияда Үкіметаралық комитет 42 номинацияны, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Түркия бірлесе енгізген «Тоғызұмалақ» ойынын қарастырды.

Тоғызқұмалақ – адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, әрі математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын.

Бұған дейін бұл тізімге домбыра күй өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамы, саятшылық, жіңішке нан қатырма, асық ойыны, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік әдет-ғұрыптары (бие байлау, айғыр қосу, қымыз мұрындық) енгізілген болатын.

Итбегілік ресми түрде спорт түрі ретінде танылады

Дене шынықтыру және спорт саласының заңнамаларына сәйкес, итбегілікті рәсімдеу, бұдан әрі дамыту мақсатында министрлік арнайы жұмыс тобын құрып, оның жоспарын бекітті. Жұмыс тобына Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерінен басқа, Экология министрлігінің, Туризм саласының, өңірлердің және үкіметтік емес ұйымдардың, соның ішінде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының өкілдері енді.

Қансонар ұйымының бүгінгі деректеріне сүйенетін болсақ, елімізде 644 тазы және 8 төбеттің паспорттары бар. Сонымен қатар, олар, өңірлерде арнайы көрмелер ұйымдастыру арқылы, халықтың асырап отырған тазы, төбеттерін қосымша зерттеп, стандарттарға сәйкес келетін, паспорт ала алатын тағы да 1351 тазы және 171 төбеттің бар екенін анықтады.

Дене шынықтыру және спорт саласының заңнамаларына сәйкес, итбегілік толық рәсімделген жағдайда бірнеше ауқымды жұмыстар атқаруға мүмкіндік береді:

- республикалық спорттық іс-шаралар күнтізбесіне ену;

- облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар ұйымдастыру;

- өңірлердегі мемлекеттік спорт мектептері мен спорт клубтарында «итбегілік» бөлімдерін ашып, мамандарды жұмысқа тарту;

- төрешілер мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға жол ашады.

2020 жыл спорт саласы үшін осылай аяқталды. Спортшылар үшін Жазғы Олимпиада ойындары барын атап өту керек. Оған жолдама беретін барлық лицензиялық жарыстар кейінге қалдырылған. Әйтсе де Халықаралық Олимпиада комитетінің жоспары бойынша Токио Олимпиадасы 2021 жылы өтеді.

Бүгінге дейін ұлттық құрама Олимпиада ойындарына 17 спорт түрі бойынша 42 жолдама иеленіп үлгерген. Әлі де 30 спорт түрі бойынша 88 лицензия алу жоспарда бар. Олимпиада ойындарына Қазақстанның атынан 100-ге тарта спортшы қатысады.


Соңғы жаңалықтар