2020 жылы жылдық инфляция 7,5 пайызды құрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы жылдық инфляция 7,5 пайызды құрады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жыл пандемия салдарынан туындаған жаһандық экономикалық дағдарыспен ерекшеленді. Бұл ретте, Үкімет еліміздің экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін, әл-ауқатын сақтап қалуға, мемлекеттің халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындауға, сонымен бірге, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған нақты шараларды қабылдады. Дер кезінде қабылдаған шаралар Қазақстан экономикасының төмендеуін 2,6 пайызға дейін шектеуге мүмкіндік берді. Экономиканың негізгі салалары - экономиканың орнықты өсуінің басты факторы болды. Тауарлар өндірісінің көлемі 2 пайызға өсті», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, экономиканың белсенділігінің негізін - құрылыс саласындағы 11,2 пайызға өсім, ауыл шаруашылығындағы 5,6 пайыз және өңдеу өнеркәсібіндегі 3,9 пайызға өсім құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,8 пайызға өсіп, 15,3 млн шаршы метрге жетті. Өңдеу өнеркәсібіндегі - өсім машина жасаудағы 16 пайыз, оның ішінде автомобиль жасауда 53 пайыз, фармацевтикада 47 пайыз, металлургияда 2,6 және жеңіл өнеркәсіптегі 15 пайыз өсім есебінен қамтамасыз етілді. Дегенмен, ОПЕК+ келісімдерін орындау қажеттілігіне байланысты тау-кен өндіру өнеркәсібінің даму серпіні шектеулі болды.

«Негізгі капиталға инвестициялар тау-кен өндіру өнеркәсібін қоспағанда 14,8 пайызға өсті. Сонымен бірге, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі өткен жылы 3,4-ке қысқарды. Бұл ОПЕК+ келісімін орындау аясында мұнай өндіру көлемінің қысқаруының және мұнайдың әлемдік бағаларының төмендеуі салдарынан еліміздің мұнай-газ саласының 3 ірі жобасы - Қашаған, ТШО және Қарашығанақ бойынша инвестициялардың қысқаруына байланысты болып отыр. Қызмет көрсету секторы карантин шектеуі шараларының енгізілуіне байланысты 5,6 пайызға төмендеді», - деді ол.

Үкімет басшысының дерегінше, жылдық инфляция 7,5 пайызды құрады. Жұмыссыздықтың 5 пайыз деңгейінде сақталуы қамтамасыз етілді. Бұл Жұмыспен қамтудың жол картасын және дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың тиімді іске асырылуының нәтижесінде болды.

«Жетекші халықаралық кредиттік агенттіктер және халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк ұлттық экономиканың орнықты екенін атап өтті», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар