2021 жылы азаматтарды апта сайын қабылдаймыз – Нұр-Сұлтан әкімі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан әкімдігінің өкілдері азаматтарды жеке сұрақтарымен апта сайын қабылдайтын болады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылы азаматтарды апта сайын қабылдайтын боламыз. Бүгін 10-нан астам тұрғынды онлайн қабылдадым.
Президент VII шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде мемлекет өз жұмысында әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға басымдық беруі керектігін, «атаулы мемлекеттік көмек пен оны алу шарттары күшейтілуі тиістігін« айтты. Азаматтарды қабылдау – көбірек адамды әлеуметтік көмекпен қамтуға, мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді», - деді елорда басшысы.

А.Көлгіновтің айтуынша, қала тұрғындары көбіне тұрғын үй және әлеуметтік көмекке қатысты жүгінеді.

«Өткен жылдың күзінде тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық осы себепті ашылды (Республика даңғылы, 32). Онда – тұрғын үй кезегінің нөмірі, кезекке тұру тәртібі, түрлі тұрғын үй бағдарламаларына қатысу жолдары және сол сияқты өзге де ақпарат алуға болады.
Әлеуметтік мәселелер бойынша көмек көрсетуге «Жанұя« отбасы институтын қолдау орталығы (Бейбітшілік көшесі, 14) бар. Онда «бір терезе« қағидаты бойынша қала тұрғындарына 70-тен астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Ашылған сәттен бастап (2019 жылғы тамыз айы) - 41,5 мыңнан астам адам жүгініп, өздерін толғандырған мәселелерге қатысты кеңес алды.
Осылайша, қабылдауға келген азаматтардың бір бөлігінің мәселелерін шешу – басқа санаттағы қала тұрғындарының да мәселелерін шешуге мүмкіндік берді», - деп жазды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.


Соңғы жаңалықтар