2021 жылы елімізде өндірілетін газ көлемі белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жыл сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшіріледі. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі – газ саласын дамыту және газдандыру. 2020 жылы газ өндіру көлемі 55,1 млрд текше метрді құрады. 2021 жылға жоспар 55,8 млрд текше метр газды құрайды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша сұйытылған газды өндіру 3,2 млн тоннаға жетті. 2021 жылға жоспар - 3,2 млн тонна», - деді министр.

Оның айтуынша, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Президенттің Қазақстан халқына жолдауының аясында 2021 жылдың соңына қарай сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшіру жүзеге асырылады. Бұл осы саланың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «Газ желісі ұйымдарын» аккредиттеу институты жойылады.

«Сонымен қатар, 2020 жылдың қорытындысы бойынша тауарлық газды өндіру 30,5 млрд текше метрді құрады. 2021 жылға жоспар 30,9 млрд текше метрге жеткізілмек. 2020 жылы 10,7 млрд текше метр көлемінде газ экспортталды. 2021 жылға жоспар 10,7 млрд текше метрді құрайды»,- деді Н. Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар