2024 жылдан бастап газ бағасын көтеруіміз мүмкін – Энергетика министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның ішкі нарығында газ тұтыну көлемі күрт артып отырғандықтан, 2024 жылға қарай экспорт көлемі қысқарады. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет кулуарында мұның елдегі газ тұтынушыларға әсері қандай болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, бұған дейін газ тұтыну бағасы елімізде айтарлықтай арзан болып келді. Екіншіден, іштегі бағаны экспорттың есебінен жабу жүйесі жұмыс істеген еді. Яғни, экспорттан түсетін жоғары табыстың есебінен ішкі бағаны ұстап тұру мүмкін болды. Бірақ ішкі тұтыну көлемі артқанымен, газ өндіру көлемі артпай отыр. Сондықтан экспорт көлемін азайтуға мәжбүрміз», - деді Болат Ақшолақов.

Оның айтуына қарағанда, газ экспортының қысқаруына байланысты Үкімет 2024 жылы көгілдір отынның құнын арттыруға мәжбүр болмақ.

«2024 жылы экспорт көлемі нөлге теңеледі деп күтіп отырмыз. Демек, мүлде экспорт болмауы мүмкін. Соның салдарынан ішкі бағаны ынталандыру тетігі қалмайды. Яғни, газ бағасын көтеру керектігін ойлай бастаймыз деген сөз», - деді министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қырғыз Ресупбликасынан келетін су бойынша ешқандай тәуекел жоқ екенін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар