2024 жылы аудан әкімдерін сайлаудың пилоттық жобасы енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлаудың пилоттық жобасы енгізіледі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін одан әрі арттыру. Сондықтан, саяси реформалар жалғасады. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы. Азаматтарымыз бұл ұстанымды қолдап отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзіне қарағанда, бұған дейінгі ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі өз тиімділігін көрсеткен.

«Бұл былтырғы менің Жолдауымда ұсынған саяси реформаның қағидатты тұсы. Бұл шешім ауыл тұрғындарының, яғни қазақстандықтардың 40%-дан астамының мүдделерін тікелей қозғайды. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар аудан әкімдерін ең болмағанда пилоттық режимде сайлауға мүмкіндік алады», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ол Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережеге көшуді жеделдетуді тапсырды.

«Соңғы кезде мемлекеттік шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан алынатын трансферттің арту тенденциясы байқалуда. Үнемі мұндай жеңіл жолмен жүру мүмкін емес. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру бойынша шаралар қажет екені анық. Бірақ бірінші кезекте мемлекеттік шығындардың көлемі мен тиімділігіне бақылау керек. Ұлттық қор активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені енгізуді жеделдету керек. Тиісті заңнамалық түзетулер жылдың соңына дейін қабылдануы қажет», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар