+7 (701) 759 90 19
USD 426.99 EUR 514.35
RUB 5.72 CNY 65.96
Jańalyqtar

23 сәуір. Туған күн иелері

2021 жылғы 23 сәуір 08:08
Бөлісіңіз:
23 сәуір. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 23 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

103 жыл бұрын (1918-2006) Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, әйгілі партизан Қасым ҚАЙСЕНОВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Өскемен саяси-ағарту техникумын бітірген. 1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болды. 1940 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, арнаулы әскери мектептен өткен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысқан. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатье, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асыруға қатысқан. Қасым Қайсенов соғыс жылдарында өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып, жауға дүркін-дүркін соққы берген. 1945-1953 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару комитетінде жауапты қызметте болған. 1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. ҰОС кезіндегі өзінің партизандық өмір жолы, қарулас достарының қаһармандық ерлік істері жайлы сыр шертетін «Жас партизандар», «Илько Витряк» «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Партизан соқпақтары», т.б. әңгіме, очерк, повесть жинақтарын шығарған. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Көркем аударма саласында М. Муратовтың «Ломоносовтың жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед Кулизаде Жалилдің «Пошта жәшігі» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

3-дәрежелі «Б. Хмельницкий», 2 мәрте 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен, сондай-ақ «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталған.

59 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Қазыбек Жарылқасынұлы ИСА дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркемдік-графикалық факультетін (1984) тәмамдаған.

Еңбек жолы: Шардара ауданы Қызылқұм ауылында орта мектеп мұғалімі (1984-1991); «Жас қазақ» бірінші республикалық демократиялық газетінің бөлім меңгерушісі (1991-1993); «Өркен» газетінің бөлім редакторы (1993-1998); «Қазақпарат» баспа корпорациясының вице-президенті (1998-2000); «Жас қазақ үні» газеті бірінші бас редакторы – директор (2000-2002); «Жас қазақ үні» газеті редакторлар кеңесі төрағасы – бас директор, «Жұлдыздар құпиясы» журналының бас редакторы, «Тұран» баспасының директоры (2009-2012); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі (2019 жылдан бастап).

2021 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» (2011), «Парасат» (2018) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Сергей Есенин» (2014) медальдарымен, «Мәдениет қайраткері» (2009), «Тіл жанашыры» (2011), «Ақпарат саласының үздігі» (2014) төс белгілерімен марапатталған. «Тәтті шөл» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын (2008) алған.

55 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Балайым Туғанбайқызы КЕСЕБАЕВА дүниеге келді.

Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы) Киров ауданы Жамбыл колхозында туған. Талдықорған заң техникумын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бакалавриатын бітірген.

Еңбек жолы: 1985-1993 жылдары – Талдықорған заң техникумының, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті. 1985-1988 жылдары – Шымкент облыстық атқару комитетінің әділет бөлімінде кеңсе меңгерушісі. 1993-1994 жылдары – Алматы қаласындағы «ШаҺар» архитектура-жобалық кооперативінде іс жүргізуші. 1994-1998 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кеңесшісі, бас кеңесшісі, бас маманы, бөлім бастығы. 1999-2002 жылдары – Қызылорда облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары. 2002-2004 жылдары – Маңғыстау облысы Әділет департаментінің бастығы. 2004-2009 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Ішкі әкімшілік департаментінің директоры. 2009-2016 жылдары – Қызылорда облысы Әділет департаментінің бастығы. 2016 жылғы 24 наурыздан – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша сайланған, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Ерен еңбегі үшін», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен және «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.

38 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының басшысы Дастан Разаманұлы МАХАЕВ дүниеге келді.

Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған, заңгер. Еңбек жолы: кеден органдарындағы қызмет (2005-2010); «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Бірінші орынбасарының көмекшісі (2010-2011); «Нұр Отан» ХДП Орталық Аппараты хатшылығының меңгерушісі (2011-2012); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасы Хатшылығының меңгерушісі (2012-2013); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары (2013-2014); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі (2014-2016); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары (2016-2020); Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (04.2020-10.2020).

2020 жылдың қазанынан бастап қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.


38 жыл бұрын (1983) «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Думанұлы КЕРТАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қоғаммен байланыс» мамандығын бітірген.

«Хабар» агенттігіндегі еңбек жолын 2006 жылы қазақ тіліндегі ойын-сауық бағдарламалар редакциясының продюсері ретінде бастаған. 2010 жылдан 2011 жылға дейін жаңалықтар бөлімінде сарапшы-редактор болды. 2011-2016 жылдары «Хабар» Агенттігі» АҚ бағдарламалар шығару бөлімінің бас продюсері, «Хабар» арнасының директоры қызметтерін атқарды. 2016 жылғы қыркүйектен «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, мемлекеттік «Дарын» сыйлығы, «Баспа және ақпаратты дамытудағы еңбегі үшін» ТМД Парламентаралық Ассамблеясының төсбелгісімен марапатталған, сондай-ақ ҚР Президенті грантының иегері.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлзат Ақжолова

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT