24 жастағы Алмат Жүнісов 26 тонналық ұшақты сүйреп, орнынан қозғады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұрсұлтан НазарБаев халықаралық әуежайында ерекше рекорд тіркеле жаздады. 24 жастағы алып күш иесі Алмат Жүнісов 26 тонналық ұшақты сүйреп, рекорд орнатуға талпынып көрген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1996 жылы туған Алмат Жүнісов бұған дейін пойыз локомотивін сүйреп, рекорд орнатқан екен. Содан ауыр көлікке деген әуестігі артса керек, бүгін салмағы 26 тонна болатын ұшақты сүйреп көрді.

Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Токио төрінде бақ сынап жатқан қазақстандық спортшыларға қолдау көрсету үшін ұйымдастырылды.

Ұшақпен «арпалысар» алдында Алмат журналистерге шағын сұхбат беріп, наурыз айында 109 тонна болатын пойыз локомотивін қалай сүйрегенін баяндады.

Бұл жолғы таңдаған көлігі - Bombardier Q400 NextGen ұшағы болатын. Әуе кемесінің биіктігі – 8,4 метр, ұзындығы – 32,8 метр, салмағы – 26 тонна, қос қанатының ұзындығы – 28,4 метр.

Ал Алмат Жүнісовтің салмағы – 100 келі, бойы – 174 сантиметр еді.

«Табиғатымнан бойыма күш дарыған деп ойлаймын. Соны дамыту үшін бала кезімнен спортпен шұғылданып, ауыр заттарды көтеруге әуестендім. Бүгінгідей сынақтарда аяққа күш көп түседі. Ең бастысы, аяқ күшті әрі шыдамды болуы керек. Бұл жолы екі ай бойы дайындалдым. Өзім ауыр атлетикамен бесінші сыныптан бастап айналысамын, ал қазіргі уақытта Алматыда фитнес-жаттықтырушы болып жұмыс істеймін», - дейді Алмат Жүнісов.

Әңгіме арасында атлет мамыр айында салмағы 300 келі болатын түйені көтеріп, үш автокөлікті қатар қойып, 13 метрге сүйрегенін еске алды.

«Бүгінгі сынаққа бұрынғыдай ұзақ дайындалған жоқпын. Өз күшіме сеніп тұрмын. Қазақстан бойынша әлі ешкім ұшақ сүрйеп көрген жоқ», - деді спортшы шабыттана сөйлеп.

Дегенмен, өз салмағынан 260 есе ауыр ұшақты 1 метрден артық сүйреуге Алматтың шамасы жетпеді.

Қазақстандық «КИнЭС» рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов талпыныстың есепке алынбайтынын айтты.

«Қазақстан аумағында біз осындай оқиғаларды тіркеуге уәкілетті жалғыз ұйымбыз. Меніңше, мұны жеңіліс деуге келмейді. Алмат – атақты спортшы, оның лақап аты – «титан қазақ». Жігіттің келесі талпынысы табысты болады деп үімттенеміз. Әдетте біз үміткерге үш әрекеттен артық мүмкіндік бермейміз. Сондықтан рекордты тіркеуден бас тарттық. Ол ұшақты бір метрден асырып сүйрей алмады. Бұл жеткіліксіз», - деді Қуандық Құдайбергенов.

Оның айтуынша, Алматтың бұл талпысыны рекорд ретінде тіркелуі үшін ұшақты 10 метрге дейін сүйреп апаруы керек болған.

«Ресейде бір атлет ұшақты 34 метрге дейін сүйреп барған. Бірақ ол ұшақтың салмағы 16 тонна еді», - дейді «КИнЭС» өкілі.

Алмат Жүнісов өзінің сәтсіздігін жердің тегіс болмауымен байланыстырып отыр.

«Жер тегіс болмады. Сондықтан болар, ұшақты орнына қозғасам болды, артқа тартып әкете берді», - деп түсіндірген жас спортшы бүгін сәтсіздік болды екен деп, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтынын айтты.

«Мен Алматыда 300 тонна пойызды (локомотивті) сүйремекшімін. Оған енді тыңғылықты дайындалып барып кірісем. Егер сүйрей алсам, әлемдік рекордты жаңартам», - деді Алмат.

Токиодағы спортшыларды қолдауға арналған шараның өтуіне Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты басқармасы мұрындық болғанын айта кету керек.


Соңғы жаңалықтар