25 жастағы Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде жалған хабарламалар таратқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерді бақылау кезінде ішкі істер органдары Instagram-да үнемі жалған хабарламалар жарияланып тұрған «Qaznews24» аккаунтын тапқан. Оның иес– 25 жастағы Алматы тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция бұл аккаунтта орналастырылған ақпарат тұрғындардың әрқилы реакциясын тудырғанын, олардың жалған ақпарат таратып, азаматтарды адастырғанын айтады. Мысалы, «Жылына бір рет – қазақстандықтардың шетелге шығуына шектеу қойылады», «683 432 теңге қазақстандықтың 2021 жылғы орташа айлық жалақысы – Ұлттық статистика бюросы», «ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мефедронды заңдастыруды ұсынды…», «Зорлау және жыныстық қысым көрсету баптарын қылмыстықтан әкімшілікке ауыстырады», «Мәжіліс депутаттары депутаттардың кірістері мен мүлкін міндетті түрде декларациялау туралы заңды кері қайтарып алды», «Қазақстандықтардың шетелге шығу үшін көші-қон полициясынан шығу визасын алулары керек» және тағы басқа тақырыптағы ақпарат үлкен резонанс тудырды. 5,5 мыңнан астам жазылушы жалған мәлімет алып отырған. Бұл хабарламалардың қисынсыздығына қарамастан, қолданушылар белсенді түрде репост жасап, жедел хабарламалар арқылы бір-біріне жалған жаңалықтар жіберіп, скриншоттар жасап, оларды басқа ақпараттық ресурстарға көшіріп отырды. Анықталмаған ақпаратты жариялау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Тергеу-жедел іс-шараларын жүргізу барысында жалпыға ортақ парақшаны ашқан – 25 жастағы Алматы қаласының тұрғыны анықталды. Тергеу әрекеттерін жүргізу үшін ол полицияға жеткізілді. Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жалғасуда. Ішкі істер органдары тағы да азаматтарға жалған ақпарат таратудың жол берілмейтіндігін, мемлекеттік органдардың тек ресми ақпараттарына сенім арту қажеттілігін, сондай-ақ, жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екендігін тағы да еске салады.


Соңғы жаңалықтар