28 қараша. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 28 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

86 жыл бұрын (1935-1983) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Сабырұлы НӘЖІМЕДЕНОВ дүниеге келді.

Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ұлт аспаптары факультетін, М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген.

1959-1965 жылдары – «Жазушы» баспасының кіші редакторы, 1965-1966 жылдары –республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі. 1966-1971 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1974-1978 жылдары – Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, 1978-1983 жылдары «Мектеп» баспасында редакция меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрген. «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Темірқазық», «Менің топырағым» кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы, «Мен – тамырмын» дастандары, «Қасірет пен қайсарлық», «Жұмекен», «Жаңғырық», «Жарық пен жылу», «Весенние ветры», «Мен туған күн», «Жеті бояу», «Шуақ», «Ашық аспан», «Қыран қия», «Тебе говорю, потомок» толғау, поэмалары мен жырлары, «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдарының авторы. 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақын жырлары бірнеше шет ел тілдеріне аударылған.Жұмекен Нәжімеденов мәтінін жазған «Менің Қазақстаным» 2005 жылы әнұран болып бекітілді. Ақынның есімі өзінің туған жері Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы ауылға берілген.

49 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әсет Маратұлы МАҒАУОВ дүниеге келді.

Атырау облысының Құлсары ауылында туған. И. М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын тәмамдаған, Халықаралық Валюта Қорында және Азия Даму Банкінде тағылымдамадан өткен.

Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әртүрлі жылдары «Теңізмұнайгаз» АҚ, «Қазақойл» ЖАҚ, «Мұнай және газ тасымалдау» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмыс істеген. 2008–2010 жылдары — ҚР энергетика және минералды ресурстар вице-министрі; 2010–2011 жылдары – ҚР мұнай және газ вице-министрі. 2017 жылғы желтоқсаннан бастап KAZENERGY қауымдастығының бас директоры лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың сәуірінен.

49 жыл бұрын (1972) VIІ шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті мүшесі Айқын Ойратұлы ҚОҢЫРОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысы Куйбышев қала үлгісіндегі кентінде туған. Көкшетау мемлекеттік университетін, «Фемида» Қарағанды заң академиясын бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Куйбышев аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының автобазасында слесарь болып бастаған. 1997 жылдан бастап кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. 2004-2011 жж. «News Print» ЖШС жетекшісі («Московский комсомолец в Казахстане» газетін шығару). 2005-2006 жж. – Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы. Партияны тіркеген мезгілден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚКХП Орталық комитеті аппаратының жетекшісі. 2007 ж. – ҚКХП Орталық комитеті Бюросының мүшесі. 2004 және 2007 жж. – ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына ҚКХП атынан депутаттыққа кандидат болып қатысты. 2007 және 2011 жж. ҚКХП республикалық сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары. 2012 жылғы қаңтар айынан бастап – бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2016-2021 жж. – VI шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті мүшесі.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.

47 жыл бұрын (1974) «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ төрағасы Айдар Әбдіразақұлы ӘРІПХАНОВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, экономист (1995); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатия академиясын (1998-2000); Колумбия университетінің магистратурасын (2008) бітірген.

Еңбек жолы: ҚР Қаржы министрлігінің Сыртқы қарыз алу комитетінің бағдарламалық және әлеуметтік қарыздар бөлімінің бас маманы (1997-1998); Мемлекеттік сыртқы қарыз алу және мемлекеттік кепілдер басқармасының бағдарламалық және әлеуметтік қарыздар, қарыздарды жүзеге асыру бөлімдерінің жетекшісі, Үкіметтік қарыздар және мемлекеттік кепілдер басқармасының жетекшісі, Қаржы министрлігінің мемлекеттік қарыз және кредиттеу департаменті директорының орынбасары (1998-2004); ҚР қаржы вице-министрі (2004-2006); ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары (02.2006-11.2006); ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі (2006-2007); ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі (01.2009-03.2009); ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары (2009-2010); «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры (2010-2011); «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық акционерлік компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары (2011-2015); Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық акционерлік компаниясы» АҚ басқарма төрағасының уақытша міндетін атқарушы (03.2015-11.2015); ҚР ұлттық экономика вице-министрі (2015-2017); «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ төрағасының орынбасары (01.2017-12.2017).

Қазіргі лауазымын 2017 жылғы желтоқсаннан бері атқарып келеді.




Соңғы жаңалықтар