3,2 мың қазақстандық ағза ауыстыру үшін кезекте тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Достық үйінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің қатысуымен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында мамандар трансплантология мәселесін тілге тиек етті.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының төрағасы, ҚР Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова трансплантологияға қатысты жұмыс тобының позициясын жеткізді.

«Трансплантация өте керек. Бұл, медицинаның жеткен жетістігінің айғағы. Біз де Қазақстанның жеткен жетістігімен мақтануымыз керек. Бізде талантты хирургтар өте көп. Бірақ соңғы жылдары донорлық көрсеткіш төмендеп кетті. Бүгінде 3200 адам ағзасын ауыстыруға кезекте тұр. Олардың 70 пайызына бүйрек керек. 250-і балалар. Ал бізде балалар трансплантологиясы мүлде жоқ», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, енді адам мүшелері шетелге жіберілмейді, жіберілсе тек Қазақстан азаматтарына ғана.

Жаңа кодекске сәйкес, өлген адамның мүшесін донорлыққа беру үшін міндетті түрде жақын туысының немесе жұбайының (ерінің) келісімі қажет етіледі.

Жұмыс тобына осы тақырыпта 1 мыңға жуық хат келген.

«2006 жылдан бастап мен басқаратын қор мұқтаж балалардың органдарын ауыстыруға ота жасауға көмектесіп келеді. Біз көбінесе шетелге шығамыз. Бірақ соңғы уақытта шетелде біздің балаларға ағзаны беруді шектей бастады. Қазір тек Үндістанға баруға болады. Бірақ ол жақта да үлкен кезек. Балалар да, үлкендер де медициналық көмек алуға, өмір сүруге құқығы бар», - деді ҚР балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин «Nur Otan» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында жаңа кодекс жобасын талқыға салған болатын.

Фракцияның кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау кодексі жобасының әрбір нормасы жан-жақты, терең талқыланды.


Соңғы жаңалықтар