+7 (701) 759 90 19
USD 405.69 EUR 455.51
RUB 5.72 CNY 57.42
Jańalyqtar

30 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылғы 30 маусым 07:00
Бөлісіңіз:
30 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 30 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

Халықаралық астероид күні

Алғаш рет 2015 жылғы 30 маусымда атап өтілді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2016 жылғы 6 желтоқсандағы №71/90 қарарымен бекітілді. Осы күнді атап өтудегі мақсат - астероидтар, олардың Жерге төндіруі мүмкін қауіп-қатерлері туралы қалың жұртшылыққа ақпарат беру. Астероидтар күнін атап өту үшін 30 маусымның таңдалуы - адамзат тарихындағы ең ауқымды астероид апаты - Тунгусс метеоритінің құлаған күніне (1908 ж.) байланысты.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы Бөрлі ауданы құрылды. Ауданның қазіргі аумағы 1965 жылы қалыптасты. Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Облыстың үш ауданымен және солтүстікте Жайық өзені бойымен Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектеседі. Аудан аумағы 5556 мың шаршы метрді құрайды. Аудан аумағына 15 ауылдық округтер мен Ақсай қаласы кіреді. 31 елді мекен бар, соның ішінде 14 әкімшілік-аумақтық бөлініс кіреді: Ақбұлақ, Александровка, Ақсу, Бөрлі, Бумакөл, Березов, Жарсуат, Кентүбек, Қанай, Қарағанды, Пугачев, Приурал, Успен ауылдық округтері және Ақсай қаласы. Аудан орталығы Ақсай қаласында орналасқан. Аудан орталығынан Орал қаласына дейінгі қашықтық 140 км.

1954 жылы КСРО министрлер кеңесі магнетитті кен табылған Соколов және Сарыбай кен орындарының негізінде Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің құрылысын бастау туралы шешім қабылдады.

1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері - Қазақстан Республикасының Үкіметі мен елде жұмыс істеп жүрген шетелдік инвесторлардың арасындағы тікелей диалогты қамтамасыз ету, инвестициялық қызметпен байланысты проблемалық мәселелерді жедел шешу, Қазақстанда инвестициялық климатты жақсарту және елімізді әлемдік экономикалық процестерге одан әрі интеграциялау.

2007 жылы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының алдында Халықтар достығы монументі ашылды. Монументтің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге жұмыс сапарымен келген Испания Королі Хуан Карлос І және Королева София қатысты. Аталған ескерткіштің авторлары - суретші Төлеуғазы Байғалиев, сәулетші Саматбек Тәженұлы, мүсінші Асқар Нартов. Ескерткіштің биіктігі - 21 метр. Оның жоғарғы жағында еліміздегі саны 100 мыңнан асатын қазақ, орыс, неміс және кәріс ұлты қыздарының шаңырақты көтеріп тұрған мүсіні бейнеленген. Ескерткіштің ортасында Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың санына сәйкес керегелер мен масақ орналасқан.

2009 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайы және «Қазақ елі» монументі орналасқан Манас көшесінің аты Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертілді.

2010 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында 1985 жылы салынған болашақ ұрпаққа жолдау жазылған капсуланы ашу салтанаты өтті. ХХІ ғасырдың металлургтеріне арналған бұл жолдауда болашақ ұрпаққа «Қазақстандық Магнитка» металлургтерінің дәстүрлерін сақтау тілегі жазылған. Контейнерге сондай-ақ, құжаттар сол жылдары шығарылған өнімдер туралы есеп көшірмелері және мерейтойлық датаға қарсы түсірілген деректі фильм болған. Контейнердің сыртында: «2010 жылдың шілде айында ашу» деп жазылған.

2010 жылы Кеден одағына мүше елдер, Қазақстан Үкіметі және «АЗИЯ АВТО» АҚ автомобиль құрастыру зауыты мақұлдаған келісімдердің негізінде Қазақстан Республикасы тарихында алғаш рет автомобиль құрастыру өнеркәсібі туралы келісімге қол қойылды. «АЗИЯ АВТО» - өнімдері Кеден одағына мүше елдердің аумағында баж салығынсыз тасымалданатын Қазақстанның бірден-бір автоөндірісшісі болды.

2011 жылы Алматыда Венгрия, Австрия, Латвия, Словакия және Словенияның бірлескен визалық орталығы ашылды. Мақсаты - шенген визаларын беретін орынды Қазақстан тұрғындарына жақындату.

2013 жылы Қазақстан ұзақмерзімді стратегиялық мемлекеттік жоспарлау саласында көшбасшы елдердің бірінші ондығына кірді. Мемлекеттік жоспарлау саласындағы көшбасшы елдердің екінші «бестігін» Қазақстан ашып отыр. Одан кейін тізімде жаңа индустриялық елдер - Сингапур, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Корея тұр.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойлық монетасы шығарылды.

2018 жылы Астанада Венгрияның Түркі халықтарының үлкен фестивалі моделі бойынша «Көшпенділер әлемі» фестивалі басталды. Ашылу салтанатында фестиваль қонақтары: MagyarTuran (Венгрия), Болгарлық «Бага-Тур» спорт мектебі, «Любизар-Солтүстік Амур» 1-ші Башқұрлық атты полк» әскери-патриоттық клубы» (Башқұрстан), Ордогай Түрік тарихи жаңғыру командалары өз өнерлерін ортаға салды. Екі күн бойы 7 ауылдан тұратын фестивальдің қатысушылары көшпенділер мәдениетін жетік меңгерген жаужүрек сарбаздар, мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар және музыканттар сан түрлі қойылымдар қойып, шеберлігімен көрерменді тәнті етті.

2018 жылы Семейдегі көрмеде Абай ұстаған тұмар домбыра көрсетілді. Домбыра ақынның Жидебай қонысындағы музей-үйінен арнайы әкелінді. Абай Құнанбайұлы өзінің домбырасын досы Н.И.Долгополов арқылы 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған. Нифонт Долгополов сол жолы жайлаудан қайтқанда, Абайдың тұмар домбырасымен қоса қобыз, сыбызғы, асатаяқты да музейге тапсырады. Бүгінгі таңда домбыра - Абайдың саусақ іздері сақталған аса құнды экспонаттардың бірі.

2019 жылы Батырхан Шүкенов альбомдарының сыйлыққа берілетін коллекциялық басылымы жарыққа шықты. Оған әншінің екі концерті, тоғыз музыкалық диск және бұрын шырқалмаған әндері кірді.

Музыкалық дискілерге қосымша ретінде, жинаққа Батырдың 2006 және 2013 жылдары Алматыда өткен концерттерінің DVD жазбалары кіреді. Соңғысы әртістің Нью-Йорк, Лондон, Рига және Мәскеудегі әріптестері мен достарының қатысуымен өткен.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059
REDAKTOR
Алтынбек Кумарзак
Алтынбек Кумарзак
954-059

MURAǴAT