300-ге жуық қарағандылық волонтер жалғызбасты қарттардың ауласындағы қарды күреп берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығының еріктілері жалғызбасты қарт адамдарға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне үйдің ауласын қардан тазартуға көмектесті. 15 ақпаннан 1 наурызға дейін олар «Қар вахтасын» ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Акцияға облыстың 16 өңірі қатысты. 79 іс-шара өткізілді, оған 299 волонтер қатысты. 1 наурызда акция аяқталды және «Қар вахтасына» қатысқан ең белсенді волонтерлер марапатталды», – деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша волонтерлер фронт-кеңсесінің басшысы Мәдина Тұрсынбекова.

Еріктілер қарт адамдарға көмек көрсету акциясына үлкен ықыласпен қатысқанын атап өтті.

«Осы шара туралы естігенде біз бірден оған қатысып, қарияларға көмектескіміз келді. Бір әйелге көмектестік, оның аты Ханшайым апа. Біз оның үйіне келгенде ауласын қалың қар басып кеткен екен, тіпті қақпалар да ашылмайды. Біз төртеу едік. Жігіттер қар күреді, ал қыздар үй жинауға көмектесіп, тамақ дайындады», – дейді Қарағанды медуниверситетінің «Самұрық» студенттік республикасының қоғамдық жұмыс министрі Айдос Жамалов.


Соңғы жаңалықтар