40 елді мекен үшін су тасқыны қаупі төмендетіледі - Серікқали Брекешев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев каналдарды қалпына келтіруге қанша қаражат керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Каналдарды реконструкциялау мәселелеріне тоқталсақ, бүгінгі күні суару жүйесінде ұзындығы 21,5 мың шақырым шамамен 3,5 мың магистральдық және шаруашылықаралық канал бар. Олардың 55% (11,8 мың км) қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл соңғы тұтынушыларға дейін суды тасымалдау кезінде жоғары шығындардың негізгі себебі болып отыр», - деді С. Брекешев.

Оның айтуынша, 2025-ші жылға дейін 7 облыста ұзындығы 2,3 мың километр болатын 120 суару каналын кезең-кезеңмен реконструкциялау және қалпына келтіру жоспарланған. Бұл 2025-ші жылға қарай суармалы алқапты 2,2 миллион гектарға дейін жеткізуге және суармалы судың шығынын жыл сайын 800 миллион текше метрге төмендетуге мүмкіндік береді.

«Облыстар бөлінісінде реконструкциялауды қажет ететін каналдардың басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. Алдын ала есептеулерге сәйкес, толық реконструкциялаудың жалпы құны 205 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде жобалау-сметалық құжаттамаға 6,8 миллиард теңге қажет. Сондай-ақ, 34 миллиард теңге мөлшерінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы бюджеттен тыс қаражатты тарту жоспарлануда», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта 41 авариялық су қоймасы мен гидротехникалық құрылыстарды (ГТҚ) реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Соңғы 5 жыл ішінде 15 жоба пайдалануға берілді. Жетеуін келесі жылдың соңына дейін, ал қалған 19-ын 2025 жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланып отыр.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен жалпы құны 30 млрд теңгеден 20 млрд теңге (16 объект) қолдау тапты. Авариялық құрылыстарды қайта жаңартуды аяқтау үшін қосымша 10 млрд теңге мөлшерінде қаражат қажет.

«Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде суды 1,2 текше километрге дейін жинақтауға мүмкіндік туады және жалпы саны 300 мың адамы бар 40 елді мекен үшін су тасқыны қаупін қосымша төмендетеді», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар