42 500 әлеуметтік төлем жайында не білуіміз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүкіл әлемді шарпыған коронавирус Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Індет салдарынан ел билігі республика аумағында карантин режимін жариялап, шағын және орта бизнес те, тіпті «екі қолға бір күрек» деп нәпақа тауып жүрген жандар да табысынан айырылды, төрт қабырғаға қамалуға мәжбүр болды.

Мұндай жағдайда мемлекет те азаматтарын қиын жағдайда қалдырмақ емес. Табыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем тағайындап отыр. Бұл аз да болса табыссыз қалғандарға талғажау боларлықтай қаражат екені сөзсіз. Алайда кемшіліксіз дүние жоқ. Осы төлемдерді тағайындау барысында мемлекеттік органдар жүйесіндегі ақаулар да білініп қалғанымен, әлеуметтік көмекті азаматтарымызға дер уақытында жеткізу үшін іркіліссіз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ біздің айтпағымыз ол емес, мұндай әлеуметтік төлемді кімнің ала алатындығы жайында болмақ.

42 500 теңге қанша азаматтың есепшотына түсті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде карантин жариялануына байланысты табысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлемнің тағайындалатынын жариялаған сәттен бері 1 айға жуық уақыт өтті. Осы уақытта 1,7 миллион адамның банктегі есепшотына төлем түсіп те үлгерді. Алдағы уақытта олардың саны еселей түсетіні де белгілі. Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзінен осындай ой түйдік.

«Бүгінгі күнге елімізде 3 млн. 703 мың адам 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуға өтініш білдірді. Өтініштердің саны - 4 млн 900 мыңды құрайды. Оның ішінде 1 млн. 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды және есепшоттарына 75 млрд. 600 млн. теңге аударылды», - деген еді министр Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Жалпы, бұл әлеуметтік төлем ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдайдың салдарынан табысынан айырылған адамдарға қарастырылған. Ең алдымен, нақты бір компанияда, мекемеде жұмыс істеп жүрген және жұмыс берушісі ақысыз демалысқа жіберген жалдамалы жұмыскерлерге беріледі. Екіншіден, жеке кәсіпкерлер, жеке адвокаттар, сот орындаушылары, медиаторлар, репетиторлар немесе азаматтық-құқықтық сипатта жұмыс істеп жүрген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемін (БЖТ) төлеп жүрген азаматтар әлеуметтік төлем ала алады.

Дегенмен, қазіргі уақытта жұрттың көңілін бұзатын бірталай жайттың да болып жатқаны бар. Иә, қазіргі интернет, әлеуметтік желілер, хат-хабар алмасуға мүмкіндік беретін түрлі мессенджерлер дамыған заманда шындықпен қатар жалған ақпараттың да таралатыны өмір заңдылығы шығар. Мәселен, осы әлеуметтік төлем тағайындалғалы бері оның төңірегінде алып-қашпа өсек-аяңды ұлғайта түсетіндер де көбейіп отыр. Олардың біразына бүгін Біржан Нұрымбетов нақты тойтарыс берді десек, артық айтқандық емес.

«Келесі мәселе бірыңғай жиынтық төлемі жайында болып отыр. Мұны бір азаматтар YouTube-та, басқа жерлерде халыққа: «Мемлекет сіздерді алдап жатыр. Бейресми жұмыс істеп жүргендер бір рет қана БЖТ төлесе жеткілікті дегендері өтірік. Оны сіздер ай сайын төлеулеріңіз керек. Ай сайын төлемесеңіздер, кейін мойындарыңызға қарыз қылып іледі», деп түсіндіріп жатыр. Бұл - жалған ақпарат, сенбеңіздер. Бұл - ерекше, төтенше жағдайға қатысты Заң. Сондықтан сіз бейресми жұмыс істеп жүрсеңіз, тіршілік жасап ақша тауып, содан қазір айырылып қалсаңыз БЖТ-ны бір рет қана төлеуіңіз жеткілікті», - деді министр.

Жалпы, 42 500 теңге атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген кісілердің табысына кірмейді. Тіпті бұл төлемді алғандарға болашақта зейнеткерлікке шыққанда осы уақыты еңбек өтілі ретінде есептеледі. Мұның бәрі Заңмен реттелген. Одан салық та, зейнетақы төлемдері де ұсталмайды.

«Кейбіреулер «қолға 42 500 теңге түспейді екен» деп айтып жүр. Толық түседі. Ешқандай салық та, алым да ұсталмайды және одан несие қарызы, коммуналдық қарыздарды ұстауға болмайды. Сізге 42 500 теңге тағайындалса, онда сол сома есепшотыңызға түседі», - деді министр.

Әлеуметтік төлемнің тағайындалуы неге ұзақ?

Бастапқыда өтініш берілгеннен кейін әлеуметтік төлем үш күннің ішінде тағайындалатыны айтылған еді. Алайда әлеуметтік желіде төлемнің тағайындалғанын не тағайындалмағанын апталап біле алмай жүргенін айтып шағымданушылардың легі де қаптап кеткені бар. Оның себебі де бар. Бастапқыда өтініш бергендерге жаппай 42 500 теңге төлеуді ұйғарған еліміздің Еңбек министрлігі табыссыз қалғандар ғана емес, миллиондап жалақы алатындардың, шетелге көшіп кеткендердің, тіпті о дүниеге аттанып кеткендердің де атынан өтінім түскенін байқап қалыпты. Ал оның барлығын тексеріп шығуға уақыт кететіні айтпаса да түсінікті жайт.

«Әлеуметтік төлемдер неге кешігіп жатыр деген сұрақтар туындауда. «Мен бір апта бұрын бергенмін», «4-5 күн өтіп кетті» дегендер көп. Бұл ретте мен сіздердің алдарыңызда министр ретінде кешірім сұраймын. Біз осы күндері үлгермедік. Оның себебі бар. Не себеп, неліктен үлгермей жатырсыздар? дейсіздер. Оның бірнеше себебін түсіндіріп кетейін. Біріншіден, біз өзімізге 3 күн белгіледік. Бірақ одан да көбірек уақыт қажет еді. 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сол қор ақша береді, сол қор тағайындайды. Ол бөлек мекеме», -деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, елімізде бүкіл төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы банктерге жіберіледі. Ал банктер азаматтардың есепшоттарына аударады. «Ал өтінішті қабылдап жатқан біздің министрлік болғандықтан, барлық құрылымдарымен оларды тексереді. Содан кейін сіздерге жібереміз. Осы үш мекеме айналысып жатыр. Басқаша болмайды. Сіздерге айтарым, осы үш мекеменің қызметкерлері күні-түні жұмыс істеп жатыр», - деді министр.

Зейнеткер 42 500 теңгеге үміткер бола ала ма?

Зейнетке шыққанымен, үйде қол қусырып отырмай, түрлі жұмыста істеп жүрген зейнеткерлердің де бар екені белгілі. Мемлекеттік түрлі жәрдемақы алғанымен, нәпақа табу үшін еңбекке араласқандар да кездеседі. Оларға қазіргі қиын жағдайда мемлекет төлемдерді тоқтатпай, қайта алатын қаражаттарын индексациялап отыр. Өсімі бар сәуірдің зейнетақы мен жәрдемақыларын азаматтар мамырда бірге алады. Ал енді осындай адамдар 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемнен үміттене ала ма? Үміті бар. Оны да министр жан-жақты түсіндіріп берді.

«Иә, сіздер зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері көп болмағандықтан, қосымша табыс табамыз деп жұмыс істегенсіздер. Сіздерге - болады. Сіздер өтініш бересіздер. Қосымша ештеңе төлемеңіздер. Төтенше жағдайға дейін төлеген болсаңыздар, біз оны көреміз. Жасыңызға қарамай, жәрдемақы алғаныңызға және басқаларына қарамай, әлеуметтік төлем береміз», - деді Біржан Нұрымбетов.

Студенттер ше?

Еліміздің еңбек туралы заңына сәйкес, 16 жасқа толған кез келген азамат жұмыс істеп табыс табуына шектеу қойылмаған. Мұны еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастар да жақсы біледі. Олардың басым бөлігі түрлі салада білім алуларына кедергі келтірмейтін уақытта жұмыс істеп, жан бағып жүргені де белгілі. Алайда, жалдамалы жұмыс істегендіктен, зейнетақы қорларына олардың атынан жарна түспейді, әлеуметтік төлем алынбайды. Енді осындай студенттер не істеу керек? Жалғыз жолы - бірыңғай жиынтық төлем төлеу. Оны да Еңбек министрі нақты айтып отыр.

«Мейрамханаларда даяшы, дүкендерде сатушы болып жұмыс істейтіндер бар. Олар ресми және бейресми жұмыс істеп жүр. Сондықтан студенттерге жалпы барлық азаматтарға бірдей тәртіп қарастырылады. Егер ресми жұмыс істесе, жұмыс беруші береді. Ал өз бетінше ақша тауып жүргендер болса, өтініш берулері қажет. Бірақ одан бір күн бұрын бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі керек. Сол кезде әлеуметтік төлем алады. Біз шәкіртақы алатынын не алмайтынын тексеріп жатпаймыз», - деді Біржан Нұрымбетов.

Бала күтімінде отырған аналар да әлеуметтік төлем алады

Бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар да баласы 1 жастан асып, 3 жасқа толмаса 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем ала алады. Бірақ оның бір ерекшелігі бар. Ол үшін бірыңғай жиынтық төлемін жасау қажет. Себебі ана бала күтімінде 1 жылдан астам уақыт отырғандықтан, оның атынан ешқандай төлем жүрмейді. Сол себепті Еңбек министрлігі мұндай аналарға ғана өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде бір рет бірыңғай жиынтық төлемін жасауға рұқсат беріп отыр.

«Сондықтан баласы 1 жастан асқан, бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдер үйде тігіншілікпен, тағам пісіріп сатумен айналысса, бірақ еш жерде тіркелмесе, онда БЖТ төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп белгі қою арқылы өтініш бере алады. Біз әлеуметтік төлем төлейміз. Тексергенде 1 жастан асқан баласының бар-жоғын ғана қараймыз», - деді министр.

Біржан Нұрымбетов бұдан бөлек, қазіргі уақытта бала күтімімен үйде отырған мемлекеттік қызметте істейтін әйелдерге 42 500 теңгеден төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

«Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың, қызметтердің жұмысы шектелген. Сондықтан біріншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша 80, тіпті 100 пайызға дейін қашықтан жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, декретте отырған аналар БЖТ төлей алмайды. Себебі мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлікпен айналыса алмайды, заңмен тыйым салынған. Мұндай жағдайда декретте отырған мемлекеттік қызметшілер қайтадан жұмысқа шыға аласыздар. Яғни, мемлекеттік орган сізді қайтадан қашықтан жұмыс істеуге алып, жалақы төлесін. Басқа жағдайларда біз барлық мемлекеттік органдарға «бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдердің жағдайын шешіңіздер» деп хат жолдадық», - деді министр.

Қорыта айтқанда, мемлекет карантин режиміне байланысты табыссыз қалғандардың барлығын қамқорлықсыз қалдырмайды. Тіпті алдағы уақытта карантин режимінің ұзартылуына байланысты тағы бір ай 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем төлемек. Бұл ретте бірінші жолы төлем алғандардың қайтадан өтініш беруінің еш қажеті жоқ. Төлем автоматты түрде есепшотқа түсетін болады. Жалпы, алдағы уақытта Еңбек министрлігі жұмыс берушілердің тарапынан түскен өтініштердің заңдылығын бір тексеріп алуды жөн санап отыр. Ал мұның жеке өтініш берген азаматтарға еш қатысы жоқ. Б.Нұрымбетовше айтқанда «Сіз айттыңыз, біз сендік. 42 500 теңге алдыңыз ба, алыңыз, жаратыңыз. Ай сайын төлеп тұрамыз».


Соңғы жаңалықтар