70 мыңнан астам жамбылдық жұмыспен қамту шараларына тартылған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейне-байланыс режимінде өткен кезекті аппараттық кеңесте жұмыспен қамту, еңбек заңнамасын бұзу және алдағы мерекелерге дайындық барысына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жыл басынан бері «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 72,7 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғанын айтты.

Тұрақты жұмыс орындарының үлесі - 62,5 пайыз.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 1323 тұрғын 5,1 миллиард теңгенің шағын несиелеріне қол жеткізген, 6701 адам 3,68 миллиард теңгенің қайтарымсыз гранттына ие болған.

1627 адам қысқа мерзімді оқудан өтсе, 2459 маман жастар практикасына жіберілген.

Ал 1567 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, қоғамдық ақылы жұмысқа 13348 адам тартылған.

Жорабек Баубеков барлық осы тармақтар бойынша жоспардың толық орындалмағандығына назар аударды.

Аймақ басшысы аудан әкімдерінен бөлінген ақшаның жыл соңына дейін игерілуін қамтамасыз етуді талап етті.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 64,2 миллиард теңгені құрайтын 809 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Қазірдің өзінде 708 учаскеде құрылыс жұмыстары аяқталды. 20 043 жұмыс орны құрылды, жоспар 2,2 пайызға артығымен орындалды.

«Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, қосымша жұмыс орындарын ашуға барлық жағдай жасалған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуда мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыру рейтингісінде біздің облыс екінші орында тұр. Көрсеткіштер ойдағыдай дегенмен, босаңсуға болмайды. Басты міндет – қарқынның төмендеуіне жол бермеу», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар