700 мың қазақстандық электронды цифрлық қолтаңбаны онлайн түрде алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) карантин жағдайындағы жұмысы, ондағы бүгінгі проблемалар мен оның шешімі туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай айтып берді.

«Карантин жағдайына байланысты біздің корпорацияның көптеген қызметтерін қалың көпшілік онлайн түрде алып жатыр. Яғни, оларда үйде отырып, электронды түрде өтініш қалдырып, қажетті қызметті алу мүмкіндігі бар. Осы тұрғыда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электронды цифрлық қолтаңбаны онлайн түрде алуға мүмкіндік жасады. Соңғы 2 айдың ішінде 700 мың қазақстандық электронды цифрлық қолтаңбаны онлайн түрде алды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы халық жиі тұтынатын екінші қызмет түрі ол құжаттандыру. Оның ішінде мерзімінің бітуіне байланысты жеке куәлікті немесе көлік төлқұжатын ауыстыру. Сондай-ақ, жаз мезгілі болғандықтан автомобиль көліктерін тіркеу және рәсімдеу қызметі тұрғындар арасындағы ең көп сұранысқа ие қызмет болып отыр», - деді Мұрат Жұманбай.

Сондай-ақ, басқарушы директор халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына қатысты азаматтардан келіп түсетін шағымдар туралы айтып өтті.

«Өзіңіз білетіндей, карантин көп жағдайға шектеу енгізді. Бұрын азаматтарымыз қызметтер мен анықтамаларды халыққы қызмет көрсету орталығына тікелей келіп алатын. Қазір орталыққа келудің қажеті жоқ, бәрін онлайн түрде алуға болады. Осы тұрғыда кейбір азаматтар тарапынан түсініспеушілік туындап, неге өзіміз келіп алмаймыз деген сұрақтар қойылып, шағымдар келіп түсті. Яғни бастапқыда халыққа онлайн түрде қызмет алуды үйретуде кедергілер туындады. Уақыт өте келе халық оның тиімді екенін түсінді. Екінші мәселе, ХҚКО-дағы кезекті брондауға қатысты болып отыр. Дегенмен бұл проблема негізінен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына қатысты. Ал жалпы ХҚКО-да кезек проблемасы жоқ. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының тағы бір проблемасы ол делдалдық. Бұл поблема әсіресе заңсыз жұмыс істейтін сақтандыру компанияларына қатысты болып отыр. Олар сырттан ХҚКО-на келген адамдарды аңдып тұрып, өз қызметтерін ұсынып, пайда табады. Біз осы проблеманы жою үшін мамандандырылған ХҚКО-да өз-өзіне қызмет көрсету алаңын аштық. Ол жерде компьютер мен мамандардан кеңес алу қызметі қарастырылған. Өткен аптада құқық қорғау органының өкілдері «өз қызметтерін» ұсынған 4 делдалды әкімшілік жауап тартты», - деді ол.

Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан ХҚКО-ның жұмысына қатысты шағымның көптеп түсіп жатқандығын хабарлаған болатынбыз.

Одан бөлек, елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы ұзын-сонар кезекке қатысты басшылық түсініктеме берді.


Соңғы жаңалықтар