85 келіден аса сазанды тыйым салынған әдіспен аулаған қапшағайлық тұрғындар ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай тұрғыны 85 килограмнан астам сазанды тыйым салынған әдіспен аулағаны анықталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңсыз балық аулаған күдіктіні табиғатты қорғау полицейлері ұстады.

«Тәртіп сақшылары балық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы облысының аумағында арнайы шараларды тұрақты жүргізеді. Осындай шаралар барысында құқық бұзуға бейім тұлғалардың табиғат қорғау заңнамасының талаптарын өрескел бұзу деректері әшкереленеді және қолданыстағы заңға сәйкес қатаң жазаланады.

Іле өзенінің арнасын кезекті рет бақылау кезінде «Қапшағай-Қазақстан» автожолының 19-шақырымында Қапшағай қаласының 1991 жылы туған тұрғыны ұсталды. Полицейлер оның автокөлігінен жалпы салмағы 85,5 кг болатын сазан балығын тауып, заңсыз ауланған тауарды тәркіледі», - делінген Алматы облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

Сонымен қатар ведомствоның мәліметінше, күдіктінің көлігінен резеңке қайық пен еліміздің заңнамасында қолданылуы қатаң тыйым салынған балық аулауға пайдаланылған электр тоғының құралдары табылды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Мемлекетке 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгені анықталды.

Соңғы жаңалықтар