9 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 9 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1960 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Алматы көркем және хроникалық фильмдер киностудиясы «Қазақфильм» киностудиясы болып өзгертілді.

1970 жылы магистральдік байланыс желісі қолданысқа берілді. Ол шығысқазақстандықтардың Мәскеуден Орталық телевидение мен Алматыдан Қазақ телевидениесінің хабарын көруіне мүмкіндік берді.

1993 жылы Германия Федеративтік Республикасында, Иран Ислам Республикасында, Франция, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина Республикаларында және Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының елшіліктері ашылды.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойды.

2007 жылы әлемге танымал марафоншы қарағандылық Павел Сиротин «Бейбітшілік елшісі» атағын алды. 2006 жылы желтоқсан айында 70 жылдығын атап өткен спортшы өмірінің тең жартысында марафондық жүгірумен айналысып келеді. Ол бірнеше рет 100 шақырымдық қашықтыққа да жүгірген.

Павел Сиротин өзінің мерейтойын да кезекті марафонмен атап өтіп, Теміртаудан Қарағандыға дейінгі 32 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен болатын. Мерейтойының құрметіне берілген құрметті атақты П.Сиротин Жер бетінде бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі үшін - Дүниежүзілік бітімгершілік федерациясы мен Дінаралық және халықаралық федерациясынан алып отыр.

«Басқаларға үлгі болатын өмірі үшін, сондай-ақ, мораль, отбасылық құндылықтар, түрлі дін өкілдерінің бейбіт, қатар өмір сүру идеалдарына қызмет еткені үшін осынау құрметті атақ беріледі» делінген «сенім грамотасында». «Бейбітшілік елшісі» атағы берілген азаматтар Біріккен Ұлттар Ұйымының айрықша қамқорлығында.

2012 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына арналған ескерткіш монеталар қолданысқа берілді. Ол 500 теңге номиналындағы күмістен және номиналы 50 теңге нейзильбер құйындысынан жасалды.

2013 жылы Ғұлама би, әскери қолбасшы, ақын-жырау Жиембет батыр жайында «Жиембет батыр» роман-эссесі жарық көрді. Кітапты дайындау барысында Ресейдің Омбы, Орынбор, Барнаул, қалаларының мұрағаттарынан алынған құнды құжаттар мен деректер пайдаланылды.

2013 жылы астаналық өнертапқыш Бақытжан Әлменов ағынсыз, яғни, тұйық су көзін пайдалану арқылы арзан электр энергиясын алудың жолын ойлап тапқан. Инновациялық бұл жобаға патент алынып халықаралық сараптамадан да өткен. 45 жылдық еңбек өтілі бар электр маманы - Женева патент бюросының патент иегері.

2015 жылы Sport Review журналының нұсқасы бойынша Сочи Олимпиадасының қола медаль иегері Денис Тен мен Зарина Дияс 2014 жылғы Қазақстанның үздік спортшылары деп танылып, оларға арнайы тапсырыспен бағалы металлдар және ағаштың құнды түрлерінен «Восток-Т» шеберханасында жасалған мүсіндер табысталды.

2016 жылы Түркияның Мерсин қаласындағы Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында «Кероғлы» операсының халықаралық қойылымы болып өтті. Әзербайжан композиторы және музыкатанушысы Узеир Гаджибековтің бұл туындысы - түркі-ислам Шығысы өнерінің әлемдегі бірінші операсы. Бас партияны «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғадбулина мен Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, А.Малдыбаев атындағы Қырғыз Ұлттық театрының солисі Садырбек Жұмашев орындады.

2018 жылы Қазақстанның сот жүйесіне кірмейтін тәуелсіз орган - «Астана» Халықаралық қаржы орталығының соты (АХҚО) (AIFC Court) өз қызметін бастады. Бұл қаржы орталығы тәуелсіз қаржылық сот пен ағылшын құқығы қағидаттарына және жеңілдетілген салық режиміне сәйкес құрылған. Президент тапсырмасына сай, келешекте халықаралық және аймақтық бизнес хабқа айналады. Заманауи инфрақұрылым мен озық технологияларды пайдалануды көздейтін қаржы орталығы «ЭКСПО-2017» аумағында орналасқан.

2020 жылы Қазақстан Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) бастамасына қосылды.

ГРЕКО-ға қосылу Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясын ратификациялауға жол ашады. Бұл өз кезегінде қылмыскерлерді экстрадициялау, олардың заңсыз тапқан мүлкін қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.

ГРЕКО 49 мемлекетті біріктіреді, олардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Швеция, Норвегия, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Украина, Молдова, Беларусь және т.б. елдер бар.

2020 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды.

Онда Қазақстанның болашағы үшін тарихи сабақтастықты сақтау қажеттілігі туралы ой айтылады. Өткенді білмей, бүгінді түсіну мүмкін емес, тіпті болашақтың контурын да көру мүмкін емес.

«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқы­мыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін ар­найы құрылған комиссия дайын­­дық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халық­аралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек», деп жазды Президент мақаласында.


Соңғы жаңалықтар