9 желтоқсан. Туған күн иелері

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 9 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарға есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының мемлекет және саяси қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы ТАСМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Гурьев облысы Махамбет ауданы Новобогат ауылында дүниеге келген. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін бітірген (1979), география және биология пәндерінің мұғалімі.

Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары - Гурьев облысы Махамбет ауылындағы балалар-жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтырушы. 1979 жылдан - Гурьев облысы Махамбет ауылындағы орта мектепте география және биология пәндерінің мұғалімі, Қазақстан ЛКЖО Махамбет аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, комсомол жұмысы кабинетінің меңгерушісі, Гурьев облыстық комитетінің комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі. 1981-1991 жылдар аралығында КОКП мүшесі. Қазақстан Компартиясы ОК Саяси бюросының мүшесі (1990-1991). ҚР Жоғарғы Кеңесі 12-шақырылымының депутаты (ЛКЖО). 1983 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Гурьев қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1985 жылдан - Қазақстан Компартиясы Гурьев қалалық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1986 ж. - ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1988 ж. - Қазақстан ЛКЖО ОК жұмысшы жастар және әлеуметтік-экономикалық проблемалар бөлімдерінің меңгерушісі, хатшысы. 1989 ж. - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы. 1991 ж. - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 ж. - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 ж. - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1997 ж. - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 ж.- ҚР Президентінің Бірінші көмекшісі. 1999 ж. - Атырау облысының әкімі. 2000 ж.– ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 2002 ж. – ҚР Премьер-министрі. 2003 ж. – ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін – Алматы қаласының әкімі. 2008-2014 жылдары – Астана қаласының әкімі. 2014-2016 жылдары – ҚР Қорғаныс министрі. 2016-2017 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 2017-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. Қазақстан Республикасының Спорттық оқ ату федерациясының құрметті президенті. Ә.Марғұлан атындағы Халықаралық қордың Басқарма Төрағасы. «14 томдық Ә.Х. Марғұланның шығармалары» редколлегиясының мүшесі. Тәуелсіздіктің он жылдығын атап өту бойынша, сондай-ақ ЮНЕСКО көлемінде мерекеленген қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлері: 1995 жылы - Абайдың туғанына 150 жыл, 1996 жылы - Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл, 1997 жылы - Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл, 1997 жылы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл, 2002 жылы - Ғабит Мүсіреповтің туғанына 100 жыл және 2004 жылы - Әлкей Марғұланның туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойларды өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияларының төрағасы. Моңғолияға, Батыс Қазақстанға және РФ-ның Астрахан облысына (Каспий: мұнай және мәдениет) және т.б. жерлерге халықаралық мәдениеттану экспедицияларын ұйымдастырушы. Солардың бірінің нәтижесінде, 2000 жылы Моңғолиядан Қазақстанға ежелгі Күлтегін тас хаты кайтарылды. «Парасат» ордені (1998), Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев ордені (2004), Орыс Православ Шіркеуінің «Мәскеулік Даниил қасиетті патшасы» ордені, Ресей Федерациясының «Достық» орденімен және II дәрежелі «Барыс» орденімен (2010) және көптеген медальмен марапатталған.

56 жыл бұрын (1965) ҚР Жоғарғы сотының судьясы - Жаңылсын Баянқызы АРХАРОВА дүниеге келді.

Орал облысында туған. Д.И. Курский атындағы Саратов заң институтын құқықтанушы мамандығы бойынша тәмамдады. Сенаттың 1996 жылғы 9 қазандағы № 136 IСП қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы болып сайланды. Судья қызметіндегі еңбек өтілі 19 жылдан асады.

«Құрмет» орденімен марапатталған (2008).


50 жыл бұрын (1971-2020) белгілі журналист Бейсен Құранбек дүниеге келген.

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған.

Ал қалған ғұмырын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

ҚР Президенті сыйлығының иегері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Жыл таңдауы» ұлттық сыйлығының иегері. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының жеке алғыс хатымен марапатталған. «Тіл жанашыры», «Қазақстан халқы ассамблиясына 20 жыл», Елбасының жарлығымен мемлекеттік марапат «Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталды. Талдықорған қаласының құрметті азаматы атанған.


Соңғы жаңалықтар