Абай Сарқұлов «Қазақстанның даму банкі» басқармасының төрағалығынан кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абай Сарқұловтың «Қазақстанның даму банкі» басшысы ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Жалғыз акционердің («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) 24 қаңтардағы шешімімен Абай Сарқұловтың «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды» делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында аталған банк қызметін сынға алған болатын. «Қазақстан даму банкі» жеке топтардың жеке банкіне айналған», - деді Президент.

Абай Сарқұлов 1981 жылы 13 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің түлегі. Мамандығы - банк ісі. Банктегі қызметін 2007 жылы инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеу басқармасының менеджерінен бастаған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ атқарушы органын басқарды. 2019 жылы ҚДБ Басқармасының төрағасы ретінде тағайындалып, бұл лауазымда ол Болат Жәмішевтің орнына келді.

25 қаңтардан бастап Сандуғаш Кенжебаева ҚДБ басшысының міндетін атқарады, ол бұған дейін Банк Басқармасы төрағасының орынбасары болған.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) - 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту жөніндегі ұлттық даму институты.


Соңғы жаңалықтар