Абай шығармалары ұлттық кодымызды бекіте түсті – Қадыр Жүсіп

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Ұлт әдебиетінің қайнар көзіне айналған Абайдың шығармалары ұлттық кодымызды бекіте түсті. Біздің бүгінгі міндетіміз–данышпан шығармашылығын тереңірек зерттеп, жас ұрпақтың санасына сіңіруге атсалысу. Атыраулық ғалым, филология ғылымдарының доктры, профессор Қадыр Жүсіп осындай пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Абай өмір сүрген ғасыр –өте ауыр заман. Өйткені, ХХ ғасырдың басынан бастап Абайдың шығармашылығына сол замандағы биліктің көзқарасы оңды бола қоймады. Абай да қатты қыспаққа ұшырады. «Оның өлеңдері де, қара сөздері де кеңестік идеологияға қарсы» деген пікірлер жаппай белең алды. Тіпті, бір кездері Мемлекеттік сыйлық алған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының өзі өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарына дейін сыннан көз ашпаған еді. Солақай сыншылар Абай образы бейнеленген шығарманы байшылдық, үстем тап өкілдерін дәріптеген шығарма деп сынап-мінеді» дейді ғалым Қадыр Жүсіп.

Ғалымның пікіріне сүйенсек, қазір Абайдың шығармашылығына шынайы, оңды көзқарас қалыптасып отыр.

«Бәрінен де бұрын өзіміз айтып жүрген ұлттық кодымызды Абайдың шығармалары одан әрі бекіте түседі. Біздің ендігі міндетіміз – Абайдың шығармашылығын тереңірек зерделеп, ғибратты тағылымына назар аудару. Ал, ұлы ақынның биылғы 175 жылдық мерейтойы өлеңдерін жатқа айтумен шектелмеуі керек. Оның шығармашылығы оқу орындарында енді, мейлінше тереңдетіліп оқытылуы тиіс. Осы орайда бұрын оқу бағдарламасында «Абайтану пәні» болған еді. Енді осы пәнді толықтырып, мектептен бастап жоғары оқу орындарына қайтадан енгізу қажет» -дейді профессор Қадыр Жүсіп.

Еске сала кетелік, бұған дейін Қойшығұл Жылқышиев Абайды анық білу хақында пікір білдірген еді.


Соңғы жаңалықтар