Абай сөзінен үлкен-кіші бірдей ой түйіп, сабақ алса игі – Абат Қыдыршаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Абай сөзінен үлкен-кіші бірдей ой түйіп, сабақ алса игі. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев осындай ой-толғамымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» мақаласында тамаша дәстүрдің жалғасы ретінде мәңгілік Абай мұрасы хақында тың ойларға кезек беріп, тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуды баса айтады.

Мемлекет басшысы: «Абайдың рухына тағызым ету - оның қағидаларын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз... Әсіресе, қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды», - деп атап өтті.

Ғалымның пайымдауынша, бүгінгі өзекті мәселенің бірі - Абай сынды ғұламаның терең де тұңғиық ойларын еркін түсіну, бойға сіңіру үшін жаңа ұрпаққа дұрыс түсініктеме беру қажеттігі. Кемеңгер ойшылдың рухани мол мұрасын бүгінгі, кейінгі жаңа ұрпаққа ұғындыру - парыз іс. Президент аталған мақаласында Абай ілімінің бүгінгі тіршілік-тынысымызбен дәл де дөп келер бағыттар сапына білім-ілім игеруді қосады, ұлттық құндылықтарға баулуға жіті қарауға акцент беріп, жаңа кәсіпті нәсіп көзі тұрғысында танып, ынтымақ-бірлік мәселесін көзден де, көңілден де таса етпеуді айрықша айтады.

Мемлекет басшысы Абай сынды ақылгөй дарабозымыздың жоғарыда аталған тұстарға ойлы көзқараспен қарағанын еске сала келіп, күллі әлемді ақыл - ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындатар заман талабына сәйкес білімді интеллектуалды ұлт қалыптастыру бірден - бір айқын меже боларын негіздейді. Өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт беріп, арлылыққа баулуды, бүгінгі бәсекелестік заманында әр қазақтың еңбекқорлық танытуын, өнер игеруге келгенде өз ісінің шебері болуын, татулықты ту етуін назарға ұсынады. «Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді» деуі - таза шындық. Мәселен, ғұлама Абайдың 45 қара сөзінің әрқайсысының өзіндік салмақ-өлшемі бары анық. Ойшыл Абай 15- қара сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» - деп жазады. Данышпан Абай бабамыз өзінен кейінгі ұрпаққа, бүгінгі сіз бен бізге бұл ойлы тұжырымын неге айтты? Ғұлама Абай сөзінің құндылығы неде? Ойшыл Абай ақылды мен ақылсыздың белгілі бір парқы бар-ау деп бастайды сөзін. Пенденің қызықпасқа шарасы бар ма? Сол қызықты іздеген кезі де ұмытылмастай есте қалмақ. Есті адам орынды іске қызықпақ, құмарланбақ, осы жолда ізденіс танытпақ. Оны естіген құлақ қуанбақ, көңіл сүйсінбек. Орынды іске жұмсаған өмір де өкінішсіз. Ал есер болса, орнықты орнын таба алмай, небір баянсыз, бағасыз, құны көк тиын қадірсіз нәрсеге қызығып, құмарланып, өмірінің қызықты да қымбатты шағын итқорлықпен өткізбек. Кейін өкіріп өкінгеннен не пайда? Жастықта мағынасыз қызық қуып, кісімсіп кердеңдеп жүргенде, жастығы тозбастай, буыны босамастай көлбеңдеп жүргенде, күндердің күнінде алдамшы қызық соңында ботадай бос тайраңдап жүргенде мойны қатып, буыны құрып құр лепірме қызыққуғыштық бойын дендеп алып, ендігі кезекте игі талапқа қайрат қылуға жарамсыз болып қалмақ. Сондай-ақ әр нәрсеге қызықпақтық, құмарлық дертке айналмақ. Бұл секілді дерт бойға мастық ұялатпақ. Әр нәрсеге ұшып-қона қызығу, құмарлану дертінен туындар жастыққа тән мастық ақыл көзін байламақ, ақыл сөзін тыңдауға мүмкіндік берместей күйге ұшыратпақ. Осы мезетте естілер есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Ал есер ер-тоқымын тастай қашып, бөркінің қайда қалғанын білмей, екі көзі алақтап, ышқыр-бауына ие бола алмай, жынды кісіше далақтап шаба беруді біледі екен. Құдайым-ау, бұл дегенің - жөнсізді жөнге салар, кісілікке баулыр, жөндіні парасатты даңғыл жолға салар, тұлғалыққа биіктетер данышпандық болжам-пайым ғой! Осы тұста жастарымыз ойланса ет-ті.

«Президент мақаласында айтылған нағыз қазақ Абай мұрасын өркениетті елдерге жұғысты ету, таныту, Абай академиясынының құрылуы, «Абайтану» курсын тереңдете оқыту, «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын жаңаша философиялық және саяси ұстаным негізінде әзірлеу мәселелері, айналып келгенде, сіз бен бізді Абай ғұламаны қазіргі ұлттық сананы жаңғырту жолындағы бірден-бір рухани реформатор ретінде дәріптеп насихаттауға міндеттері сөзсіз. Демек, кемеңгер Абай – біртұтас тұлға. Абай - ой алыбы. Абай ұлылығы - мол рухани мұрасы арқылы күллі болмыс заңдылығын біртұтас толық қамтуында, көктегі Темірқазық жұлдызындай өміріміздің адастырмас межесі бола алуында. Абай мектебі - тағылымды өмір мектебі. Сол себептен де, Абайдың хакімдік тағылымы шоғырланған қарасөздеріндегі түбі терең түйдекті түйіндері көкейге қонады, көңілге жағады. Ендігі кезекте Абайдың хакімдік мұрасынан, нәрлі рухани бұлағынан халықтың сусынын мейлінше қандыруды әркез жадымызда тоқып, есте ұстауымыз керек. Егер де адам мақсатына рухани жағынан өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді десек, кімде-кім әуелі білім алу арқылы білместіктен арылу қажет. Осы арнаға баса акцент берсек, әркімнің өз бақытын өзі жасауы кәміл. Ендеше, Абай - рухани бай адамның моделін ұсынушы», - дейді Абат Сатыбайұлы.

Қысқасы, Абай ілімі - күллі адамзатқа ортақ рухани ілім. Абай мұрасы - адамзатқа қажетті асыл қазына. Бір ғажабы, осыншама баға жетпес рухани нұрдың қадір-қасиетін тани білген ұлттың текті тұлғалары сапынан Мұхтар Әуезов абайтану ғылымының іргетасын қаласа, Әлихан Бөкейханов тұңғыш рет сонау «Семипалатинский листок» газетінде Абай дүниетанымына барлау жасаса, Ахмет Байтұрсынұлы «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген. Ұлт саңлақтарының бірі Міржақып Дулатов: «Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы айтқан жарық жұлдыз - Абай», - десе, рухани биік деңгейлі ақын Мағжан Жұмабаев: «Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес», - деп ақын болмысын жоғары бағалаған. Ал батыс өңірінен шыққан қазақ әдебиеттану ілімінің тұңғыш профессоры Қажым Жұмалиев Абайтану ғылымының алғашқы сара да дара жолын бастап берген-ді. Демек, Абайдың рухани мұрасын меңгеру - бүгінгі заманауи өзекті мәселе. Біздіңше, Абайдың рухани мұрасы тұлғаның тағдырын өзгертеді. Абайдың рухани мұрасы - тұлғаны түзетудің, тұлғаны түлетудің тұғыры. Ұлт ұстазы Абай сынды ғұламаның озық шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпай ма: «Ойыңды түзе, сөзіңе айналады. Сөзіңді түзе, ісіңе айналады. Ісіңді түзе, әдетіңе айналады. Әдетіңді түзе, мінезіңе айналады. Ал мінезің - сенің тағдырың» деп.

«Олай болса, Президентіміз айтқандай, рухани кемелділік жолында ойымыздың у болмауын, сөзіміздің су болмауын, үмітіміздің бу болмауын тілелік! Ол үшін Абайды оқиық! Иә, қазақ халқының біртуар дүлдүл ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Абайды оқы, таңырқа, басыңды шайқа!..» дегеніндей, Абайды таңырқай тамсана оқылық, сүйсіне оқып басымызды шайқалық! Жаңа жас буынды осыған баулылық!», деп түйіндеді ойын ғалым.

Бұдан бұрын Мұрат Сабыр «Абайтану» курсы жаратылыстану ғылымдары саласында да оқытылуы керектігі жөнінде пікірін білдірген болатын.


Соңғы жаңалықтар