«Абай жолы» 23 жыл бұрын парсы тіліне аударылып, кейін ескерусіз қалған – Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей, шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Ұлттар әдебиеті» қазақша журналының семинар-кеңесі Бейжіңде өттіҚытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


«Ұлттар әдебиеті» журналы ұйымдастырған 2020 жылғы жазушы, аудармашылардың семинар-кеңесі осы аптада Бейжіңде өтті, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Бұл семинар-кеңес тілші ғалымдардың, терминолог мамандардың қатысуымен қазақ тілінің атау-терминдерін сараптау жиыналысымен басталған болатын.

«Ұлттар әдебиеті» журналы мемлекеттік дәрежедегі статусқа ие әдеби басылым. Аталған журналдың аз санды ұлт жазушылары мен аудармашыларын тәрбиелеу мен әдебиетін дамыту, ұлттар ынтымағын сақтау секілді маңызды міндеттері бар. CNR-дың мәліметінше, басылым жақын жылдардан бері жыл сайын осындай семинар-кеңес өткізіп келеді. Қазақ тіліндегі «Ұлттар әдебиетінің» жарық көргеніне биыл 8 жыл толған.

Қытайдың «Орталық халық радиосы»-ның дерегінше, семинар-кеңесте арнаулы тақырыптағы лекциялар оқылған. Сонымен қатар Шыңжаңнан, Бейжіңнен келген ұйғұр, қазақ қаламгерлері «Ұлттар әдебиеті» журналына деген көзқарасын, басылымның қазіргі көркемдік деңгейі туралы өз ойларын бөліскен.

«Семинарға қатысушы қазақ қаламгерлері Орталық халық радио станциясының дикторы, ақын, аудармашы Балапан Рабатовтың «Көркем әдебиеттің көк жиегі», Сағдолла Сафиоллаұлының «Постмодернизмнің қазіргі қазақ әдебиетіне ықпалы» қатарлы аударманың түйткілді тұстары мен әдебиеттің түрлі ағымдары саласындағы құнды лекцияларын тыңдады. Жиналыс соңында қаламгерлер жалпы қазақ әдебиетінің дамуы мен болашағы туралы өз көзқарастарын айтты», деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

«Абай жолы» 23 жыл бұрын парсы тіліне аударылып, кейін ескерусіз қалған - «Фарс» ақпарат агенттігі


«Абай жолы» роман-эпопеясы 1997 жылы М. Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің қолдауымен аударылған, деп хабарлайды Рarstoday.

Аталған БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, Иранда Сейіт Мұхаммед Хатами ел басқарған кезде (1997-2005жж) «Өркениеттер диалогы» (Dialogue Among Civilizations) атты саяси-дипломатиялық доктрина қабылданып, халықаралық қатынаста қолданыла бастады. Иран мен Қазақстанның қарым-қатынасы барлық салаларда қарқынды даму үстінде еді. Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі осы доктринаны негізге ала отырып, Қазақстанмен әдебиет саласындағы әріптестігін дамыту мақсатында осы ведомство қызметкері Назлы Асқарзаде ханымға Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын орыс тілінен парсы тіліне аударуға тапсырма берген.

«Аудармашы Назлы Асқарзаде – Иранның Гилян облысындағы Астара қаласы әйелдері арасынан шыққан алғашқы жазушы әрі аудармашы. Ол 1942 жылы Астара қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Кеңес одағында өткен. Әзірбайжанда университетті «әдебиет және аударма ісі» мамандандығы бойынша бітірген. Ол елге қайтып оралғаннан кейін алдымен Исфаханның «Зубаһан» темір балқыту компаниясында орыс тілінен сабақ берген. Кейін Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің Баспасөз және шетелдік ақпарат құралдары департаментіндегі орыс бөлімінің жауапты басшысы әрі аудармашы болып қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шыққан. Бүгінде аудармамен айналысып келе жатқанына 45 жыл болды. Саясат, қоғам, дін, әдебиет, өнер мен психология салаларында 40-тан аса кітап аударған. Соның ішінде көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы, пәкістандық жазушысы Шоукат Седдиқидің «Разия бегім» атты романы, әзірбайжан жазушысы Қалам Мұхаммедовтың «Бардия» атты кітабы мен орыс жазушысы Федор Достоевскийдің «Ойыншы» атты романы, Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» атты 6 томдық кітабы, Ольга Петрочуктың «Ван Гог нақыштары» атты кітабы, Светлана Алексиевичтың «Чернобыль дауысы» атты кітабы және т.б. еңбектерді парсы тіліне аударып, басып шығарды», деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

Назлы ханымның айтуынша, тапсырмамен аударылған Әуезовтің «Абай жолы» романы өзіне қатты ұнаған. 1600 беттік кітапты аударуға бір жыл уақыты кеткен. Алайда, өкініштісі, 23 жылдан бері парыс тіліне аударылған «Абай жолы» қайта басылып шықпаған. Назлы Асқарзаде ханым басқа бір баспа аталған романның атын «Қазақтар» деп өзгертіп, Ирандағы діни қағидаттарға сәйкес мәтінді аздап қысқартып, басып шыққанын айтады. Бірақ, аудармашы ханым бұл нұсқаны жақтырмай, «романның атауын өзгертпеу керек еді», деген пікірде екенін жеткізді.

«Парсы тіліндегі «Абай жолы» романының нұсқасы өз кезінде бір рет басылғаннан кейін ескерілмей қалған. Оның бұлайша назардан тыс қалуына ғаламтордың аса дами қоймаған уақыты болғандығы да себеп болуы мүмкін. Биыл Абайдың 175 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан Абайды әлемге, соның ішінде Иран халқына таныстыру мақсатында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының парсы тіліндегі нұсқасын қайта бастырып, таныстырылымын өткізсе, игі болар еді», деп түйіндейді ирандық БАҚ.

Қазақстан үкіметі Иранды электронды виза беретін елдер тізіміне қосты - parstoday.com


Теһранда Иран мен Қазақстанның ортақ консулдық комиссиясының 9-шы отырысы өтті, деп мәлімдейді «Фарс» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, сәрсенбі күні Иран СІМ-нің консулдық қызмет департаментінің бас директоры Махмұд Адиб пен Қазақстан СІМ-нің консулдық қызмет департаментінің бас директоры Бауыржан Ақатаевтың төрағалығымен өткен осы отырыста тараптар іскерлік, туристік және дипломаттық визалар беруді жеңілдету, екі ел азаматтарына консулдық қолдау көрсету, ұйымдастырылған қылмыстар мен есірткі заттары контрабандасымен күресу, сот істері жөнінде әріптестік жасауға қатысты келісімдермен алмасуға уағдаласқан.

«Қазақстан үкіметі ресми түрде Иранды электронды виза беретін елдер тізіміне қосты. Коронавирусқа қатысты шектеулер аяқталғаннан кейін Иран азаматтары Қазақстанға бару үшін электронды виза немесе елге кіреберіс әуежайда виза ала алатын болады», - деп жазады parstoday.com.

Өзбекстанда автокөлікті 16 жастан бастап басқару құқығы ұсынылды - «ӨзА» ақпарат агенттігі


Өзбекстанда 16 жасқа толған азаматтарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды «ӨзА».

Аталған БАҚ-тың дерегінше, балалардың осы жасынан бастап көлік жүргізуі қылмыстың азаюына да себеп болады екен.

«Өзбекстанда 16 жастан бастап автокөлік жүргізуге рұқсат беру керек. Шет мемлекеттердің көпшілігінде көлік жүргізуге он алты жастан бастап рұқсат етіледі. Бұл жағдай мектептің жоғары сынып оқушыларын жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Егер біз оқушыларды жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етсек, олардың арасындағы қылмыстың азаюына да қол жеткіземіз. Осы жағдайларды ескере Өзбекстанда 16 жастан бастап автокөлік басқару құқығын беруді ұсынамыз», -деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Атаулы петицияның аяқталуына 85 күн бар. Бірақ қазіргі кезде бұл ұсынысқа қолдау білдіргендер қатары 1 мыңнан асқан. Ал, 723-і бұл ұсынысқа қарсы шыққан көрінеді.

Миллиондаған жылдық тарихқа ие мамонт сүйегі табылды - TRT


Денизли қаласынан миллиондаған жылдық тарихы бар сүйек қалдықтары табылды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

TRT ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, Түркияның батысында Денизли қаласында жүргізілген жер қабаты зерттеулерінде шамамен 1,2 мен 9 миллион жыл аралығында өмір сүргені анықталған жануардың сегіз түріне тиесілі сүйектер табылған. Оның ішінде мамонттар мен мүйізтұмсықтар да бар. Ғалымдар сүйектері 2002 жылы Денизлиде табылған Анадолының ең көне адамымен бірдей кезеңге негізделген жануарлардың өзара қарым-қатынастық тұрғыдан маңызды екеніне назар аударды.

«Денизлиде 2017 жылдан бері жүргізілген зерттеулер барысында көптеген жануардың сүйек қалдығы табылды. Соңғы табылғандар арасындағы мамонтқа тиесілі табылған астыңғы жақ сүйегі мұз дәуірінде мамонттардың Денизли өңірінде өмір сүргендігін дәлелдейді. Мамонт сүйектерін зерттейтін сарапшылар Еуропада да мұндай жақсы сақталған астыңғы жақ сүйегі табылмағандығын, осы тұрғыдан маңызды жаңалық ашылғанын айтуда», деп жазды Түриялық БАҚ.

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы туралы келісім жөнінде конференция өтті - Kaznews


Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 7-мәжілісінің хаттамасын орындау мақсатында, биылғы 19 қазанда Қазақстан мен Моңғолия арасында зейнетақы туралы келісімді жасасу жөніндегі сарапшылар тобының 5-мәжілісі өтті, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл бейнеконференция ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов пен Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі А.Ариунзаяаның өзара құттықтау сөздерімен басталған. Б.Нұрымбетов осы келісімнің екі елдің азаматтарын әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өткен. А.Ариунзаяа өз кезегінде, Моңғолия азаматтарының әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңарту, қарттарға базалық зейнетақы беру және көп деңгейлі зейнетақы жүйесіне көшу саясаты әзірленіп, Моңғолия Парламентінің 2020 жылы күзгі сессияда талқылауға ұсынылатынын мәлімдеген.

«Тараптардың сарапшылары аталған құжаттың әрбір тармағы бойынша талқылау жүргізді, көптеген баптардың мәтінін өзара келісіп реттеді. Келесі онлайн түріндегі кездесуді үстіміздегі жылдың желтоқсанның 1-шы жартысында өткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді», деп түйіндейді моңғлиялық БАҚ.


Соңғы жаңалықтар