Абайды адамзаттық гуманитарлық ғылымға үлес қосқан тұлға ретінде тану керек - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Филология ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Абайтану ғылымындағы өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ руханиятында Абайдан көп зерттелген, Абайдан көп жазылған тұлға жоқ. Абай туралы жазылған еңбектерді жинасақ, 50 томнан астам кітапқа жүк болады екен. Бірақ, бүгінгі Абайтану дәрежесі қазіргі әлемдік гуманитарлық ғылымның талап-дегейінде жауап бере ала ма десек, көптеген мәселелер туындайды. Басқаны айтпағанның өзінде, әлі күнге дейін Абайдың ғұмырбаянын толық жазып бітірмедік. Абай шығармаларының академиялық жинағын толық шығарып біткен жоқпыз. Абайтану мәселелерін тек әдебиеттану ғылымы шеңберінде ғана айналып жүрміз», - деді К. Матыжанов ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Абай және рухани мұра» онлайн конференциясында.

Оның айтуынша, кеңестік дәуірде Абайды зерттеу мен саралауға ең басты зардап тигізген дүние - Абайтанудың шеңберін тым тар аяда қарастыру.

«Абай қазақ әдебиетінің классигі, ақын төңірегінде ғана қарастырылып келді. Сөйте отыра біз Абайға үнемі ұлы, кемеңгер, данышпан деген анықтауыштарды қосып айтамыз. Осындай анықтауыштарды қосып айтсақ, Абайды адамзаттық тұрғыда қалай саралаймыз деген мәселе туындайды. Сондықтан, кеңестік идеология тұсында Абайтанудың негізін салған Мұхтар Әуезовтың немесе Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде Абайды адамзаттық ғылым тұрғысынан саралау мәселесі көтерілгенде үнемі тұсау салынып, қақпайланып келді. Сондықтан, қазіргі Абайтану ғылымының алдына қойған ең үлкен мәселенің бірі - Абайды халықаралық тұлға ретінде, адамзаттық гуманитарлық ғылымға үлкен үлес қосқан кемеңгер тұлға ретінде тану», - деді спикер.

Сонымен бірге, К. Матыжанов Абайдың өмір бойы адамзаттық құндылықтарды шығармасына өзек еткенін айтты.

«Демек барлық гуманитарлық ғылымының - философия, әдкбиеттану, мәдениеттану, өнертану ғылымдарының ең басты нысаны - адамдық. Осы тұрғыда Абайдың бүкіл шығармаларындағы басты мәселе - адамды тану, адамның табиғатын тану, адамның психологиясын зерттеу екендігін көруге болады», - деді Кенжехан Матыжанов.


Соңғы жаңалықтар