Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған брендбук әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлы ақынның мерейтойына орай арнайы брендбук дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтына сілтеме жасап.

«Логотипте танымал бейнені көрсету мақсатында қазақ ойшылы мен ақынының портреті егжей-тегжейлі пысықталды. Портреттің негізгі түсі – күлгін. Ол кейіпкердің көңіл-күйін, ойшылдығын һәм пайымдылығын көрсетеді. Логотипті қабылдау оңай және пайдалануға ыңғайлы болуы үшін оның нысаны графареттік стильде қарапайым графика элементтерімен әзірленген. Гаммада бұдан бөлек көк, қызыл, жұпаргүл және құм (алтын) түстері де бар», - делінген хабарламада.

Институттың мәліметінше, логотип сипаттамасында Абайдың еңсесі көтеріңкі және оның ерік-жігері мен даналығын анық көруге болады.

«Алдымызда ұлы ойшылдың бейнесі тұрғанын оның жазық маңдайы, қалың қабағы паш ететіндей. Абайдың өзіне тән бейнесін топы мен камзол түріндегі киім элементтері толықтыра түскен. Фирмалық стильде Абай портреті ғана емес, іс-шараның маңызды құрамдас бөлігі ретінде 175 саны да қолданылған. Негізгі элементтерге қосымша құрақ көрпе стиліндегі графика және танымал ұлттық өрнек қосылған. Бұл стиль ұлттық бейнені айқындай түседі. Әр түрлі дизайнға оңай бейімделеді», - деп жазылған ақпаратта.

Хабарламада айтылғандай, мерекелік іс-шараларды тиянақты ресімдеу үшін брендбук құрамында: логотип тұжырымдамасы, фирмалық стиль бойынша нұсқаулық, тарату материалдарының дизайны, көлікті безендіру дизайны, іскерлік құжаттарды рәсімдеу дизайны мен сыртқы жарнаманы рәсімдеу материалдары қамтылған.

Айта кетейік, брендбук ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленді.


Соңғы жаңалықтар