«Adal» партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында филиалдарын тіркеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Adal» саяси партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында филиалдарын тіркеді. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Азаматтық кодексінің 42-бабына сәйкес, заңды тұлғалар атауын өзгерткен кезде мемлекеттік тіркеуден қайтадан өтуі қажет. Олардың филиалдары да есептік қайта тіркелуі тиіс. Осы жылдың 11 қарашасында «Бірлік» саяси партиясы «Adal» саяси партиясы ретінде мемлекеттік қайта тіркеуден өтті. «Adal» саяси партиясының барлық 17 филиалы тиісті есептік қайта тіркеуге алынды. Осылайша олардың барлық 17 өңірде филиалы бар», - деді ол Орталық сайлау комиссиясы отырысында.

Сонымен қатар Азамат Әмірғалиев Қазақстанның коммунистік халық партиясы осы жылдың 12 қазанында Қазақстанның халық партиясы ретінде қайта тіркеуден өткенін атап өтті. Барлық өңірлердегі филиалдары да тіркелгенін айтты.

«Бүгінгі күні партияларды тіркеу процедурасы аяқталды», - деді Әділет вице-министрі.

Осы ретте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев «Adal» саяси партиясының өңірлік филиалдарына қатысты ақпаратты нақтылауды өтінді.

«Сіз «Adal» саяси партиясының барлық өңірде филиалы бар дейсіз. Шымкент қаласы мен Түркістан облыстық филиалдарына қатысты ақпарат берсеңіз. Бұған дейін аталған өңірлерде филиалдары болмаған еді», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Әділет вице-министрі «Adal» саяси партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында филиалын тіркегендігін атап өтті.

Бұған дейін «Adal» саяси партиясының тиісті филиалдары болмағандықтан, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарын сайлауға қатыса алмайтындығын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар