Адам тірі кезінде донорлықтан бас тартпаса, өлген соң ағзасын рұқсатсыз алуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде бүйрек, бауыр, жүрегі мен өкпесін ауыстыру үшін донор көмегіне мұқтаж 3128 адам бар. Донор болуға ниетті адам әрекетті неден бастауы керек? Адам тірі кезінде ағзасын донорлыққа беруге қарсы екені туралы жазып кетпесе, ол өмірден өткен соң туған-туыстарының рұқсатынсыз алуға болатыны туралы білесіз бе? Ағза ауыстыруға қатысты осы және басқа да сұрақтарға Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова жауап берді.

ЕЛІМІЗДЕ 3128 АДАМ АҒЗА АУЫСТЫРУҒА МҰҚТАЖ

- Тәуелсіздік алғалы Қазақстан Республикасында алғаш рет трансплантация қай жылы жасалды?

- Алғаш рет транспланттау 1979 жылы ҚазКСР ДСМ Клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институты негізінде орындалды.

- Қазақстанда соңғы 5 жылда қанша адамның ағзасы және қандай ағзасы ауыстырылды?

- 2015 жылдан бастап және 2019 жылдың 10 айы аралығында ағзалар мен тіндерді 1315 транспланттау орындалды, олардың ішінде: бүйректі - 925, бауырды – 256, жүректі – 70, өкпені – 14, ұйқы безін – 1, көздің қасаң қабығын – 49 транспланттадық.

- Елімізде қанша адам донорға мұқтаж? Қанша адамға қандай ағза қажет екеніне сандармен мысал келтіре кетсеңіз.

- 2019 жылғы қазан айына қатысты жағдай бойынша ҚР «күту парағында» 3128 пациент тұр. Олардың ішінде: бүйрекке – 2706, бауырға – 295, жүрекке – 120, өкпеге – 6, ЖӨК (жүрек, өкпе) – 1 адам мұқтаж.

- Трансплантация жасалған жағдайлардың қанша пайызы сәтті аяқталды?

- транспланттаудан кейінгі бірінші жылдан кейін өміршеңдік - 98.2%;

- транспланттаудан кейінгі үш жылдық өміршеңдік - 81,2%;

- транспланттаудан кейінгі бес жылдық өміршеңдік – 78.1%.

- ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз отырыстарының бірінде: «Біздің елдің мәдени ерекшелігіне сай, донорлықтың аздығына байланысты проблема бар. Дәрігерлер трансплантацияны жүргізуге қорқады, өйткені туған-туыстары бұған қарсы. Тіпті дәрігерлерді сотпен қудалау жағдайы да тіркелген. Заң бойынша, тірі кезінде адам ағзасын донорлыққа беруден бас тартпаса, көптеген елдердегі тәжірибеге сай, оның донорлыққа келісім бергенін білдіреді. Десе де, халық ішінде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін ұғып отырмыз» деген болатын. Осы жағдайға байланысты сот процесі қалай аяқталды?

- Қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс қозғалмады.

ТІРІ КЕЗІНДЕ ЖАЗЫП КЕТПЕСЕ, АҒЗАСЫН РҰҚСАТСЫЗ АЛУҒА БОЛАДЫ

- Адам тірі кезінде ағзасын донорлыққа беруге қарсы екені туралы жазып кетпесе, ол өмірден өткен соң туған-туыстарының рұқсатынсыз алуға болатыны туралы заңды бар екенін қарапайым халық біле бермейді. Осыны кеңінен түсіндіру мақсатында қандай шаралар қолданылуда?

- ҚР трансплантологияны дамыту мақсатында министрлік қоғамдық ұйымдармен, діни конфессиялармен және халықпен республикада трансплантологияны дамыту, донорлық белсенділікті арттыру мәселелері бойынша жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру аясында Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық келесідей іс-шараларды өткізеді, атап айтсақ:

- трансплантология саласындағы жаңалықтар, дәрігерлер мен пациенттерге арналған ақпарат, халық арасындағы сауалнама орналастырылатын ТЖТМҚҮРО сайтының қызмет етуін қамтамасыз ету;

- әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстаграмм) аккаунттар ашу және жүргізу;

- республикалық және өңірлік деңгейдегі теледидар бағдарламаларына қатысу;

- әртүрлі кәсіпорындардың цехтік жиналыстарында және ауруханалық конференцияларда сөз сөйлеу;

- республикалық және өңірлік деңгейдегі газеттер мен журналдарда мақалалар орналастыру;

- денсаулық сақтау ұйымдары жетекшілерінің және жұртшылық өкілдерінің (діни қайраткерлер, журналисттер және ағзаларды ауыстыруға мұқтаж және ағзалары ауыстырылған пациенттік ұйымдар өкілдері) қатысуымен өңірлік кеңестер ұйымдастыру;

- республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысу;

- «Қазақстандағы трансплантология» журналын қалыптастыру және шығару;

- брифингтер, доңгелек үстелдер ұйымдастыру.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 9-бабына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құзыретіне тіндердің (тіннің бөлігінің) және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөлігінің) ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету кіретінін атап кеткен жөн. Осыған байланысты, Министрлік ағзалық донорлықты дамыту мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдың ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауын қажет етеді.

- «Елордада Онкология және трансплантология орталығы толығымен онкология орталығы болып, бүйрек ауыстыруды тоқтатты» деген ақпарат қаншалықты рас?

- Ұлттық онкология және трансплантология орталығының меншік нысаны шынымен өзгерді, дегенмен трансплантология бөлімі жұмысын жалғастыруда және биылғы 10 айдың ішінде 46 органды транспланттады.

МҰҚТАЖ АДАМДАРҒА КІМ ДОНОР БОЛА АЛАДЫ?

- Заңнамаға сәйкес, ағзаға мұқтаж адамға кімдер донор болуға құқылы?

Еліміздің заңнамасына сәйкес, реципиентпен генетикалық байланысы (яғни жақын туыстар) немесе тіндік үйлесімділігі бар тұлғалар тірі донор бола алады. Тірі донор жан-жақты медициналық тексеруден өтуі және оның тіндерін немесе ағзаларын алу мүмкіндігі туралы консилиум қорытындысын алуы тиіс.

- Донор болуға ниетті адам әрекетті неден бастауы керек?

Тіндерді немесе ағзаларды тірі кезінде ерікті түрде беруге келісім немесе келісімді қайтарып алу шарасы «Қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау мақсатында оларды тірі кезінде ерікті түрде беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 360 бұйрығымен реттеледі. Солайша, аталған бұйрықтың 4-тармағына сәйкес, келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу донор болуға ниетті адам бекітілген емханада іске асырылады.

- Ағзасы ауыстырылғандар арасында өтетін халықаралық жарыстарға қатысу үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілген? Біздің елдің атынан қатысушылар қандай нәтиже көрсетті?

- 1978 жылдан бастап екі жылда бір рет өткізілетін Дүниежүзілік трансплант-ойындарына Қазақстан алғаш рет 2017 жылы қатысты. Испаниялық Малагада 2017 жылғы 23 маусымнан бастап 2 шілдеге дейінгі аралықта өткен Дүниежүзілік трансплант-ойындарына Қазақстан тарапынан 6 адам қатысты.

Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасынан кейін Қазақстан командасының трансплант-ойындарына қатысуды ҚР Спорт және мәдениет министрлігі қаржыландырды.

- Біздің елге келіп, трансплантация жасатқандар саны қанша?

- 2018 жылдың және биылғы 10 айдың ішінде шетелдіктерге олармен бірге келген тірі донорлардан бүйрек ауыстырып-қондыру бойынша 50 операция жасалды.

- Олар трансплантация жасату үшін неге біздің мемлекетті таңдайды? Ота жасату құны арзан ба, әлде ота жасау сапасы жақсы ма?

- Ағза транспланттау елімізде халықаралық стандарттар деңгейінде жүргізіледі. Қазақстанға шетелдіктер ағза транспланттау үшін келеді, ол жүргізілетін операциялардың жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстанда бүйрек трансплантациясының құны шетелмен салыстырғанда айтарлықтай төмен (мысалы 30-60 млн теңгемен салыстырғанда 3 млн теңге).

Еске сала кетсек, бұған дейін ағзаға мұқтаж науқастың туысы емес адам қандай жолмен донор бола алатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар