Адамдарды қар құрсауынан құтқарған қарағандылық полицейлерге 100 мың теңгеден табыс етілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда боранды күндері қар құрсауынан көліктерды алып шығып, адамдарды құтқаруға атсалысқан тәртіп сақшыларына грамоталар мен ақшалай сертификаттар берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының полиция департаментінде қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Облыс ПД бастығы полиция полковнигі Ерлан Файзуллин әріптестеріне кеуде белгілері мен ақшалай сертификаттар табыс етті.

«Бізде полиция қызметкерлерінің күнделікті кәсіби жұмысында атқарған жарқын істері аз емес. Атап айтқанда, республика аумағында қар құрсауынан адамдарды эвакуациялау кезінде көрсеткен батылдық, жанқиярлық ерліктерін келтіруге болады», - деп атап өтті Ерлан Файзуллин.

Облыстың бас полицейі екі қызметкерге ІІ дәрежелі «ІІМ үздігі» төсбелгісін, бір полицейге «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісін, екі тәртіп сақшысына «ҚР ІІМ Құрмет грамотасын», тағы екі полиция қызметкерліне ҚР ІІМ грамотасын, екі қызметкерге ҚР ІІМ Алғыс хатын табыс етті. Олардың барлығы 100 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің бастығы Қарағанды қаласының ІІД ЖПБ қызмет инспекторы, қатардағы полицей Дамир Оразовқа ІІМ символикасы бар қол сағатты және 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Оның әріптесі, Қарағанды қаласы ІІБ ППП тағылымгері Тимур Сұлтанғазы ІІМ символикасы бар қол сағат алды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен аптада осы екі батыл қызметкер мас күйінде бес қабатты үйдің шатырына шығып кеткен ер адамды құтқарған болатын.


Соңғы жаңалықтар