+7 (701) 759 90 19
USD 432.55 EUR 470.83
RUB 5.84 CNY 61.31
Jańalyqtar

Адамзаттың ежелгі тері шаңғы дәстүрін Алтай қазақтары үзбей жалғастырып келеді

2020 жылғы 29 қаңтар 17:44
Бөлісіңіз:
Адамзаттың ежелгі тері шаңғы дәстүрін Алтай қазақтары үзбей жалғастырып келеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтырғы жылдың соңына таман, нақтырақ айтқанда 2019 жылдың 21 желтоқсан күні Қытайдың Чұңли Фулұң шаңғы базасында шаңғы спортына арналған халықаралық мерекелік іс-шара өтті.

Ұқсас жаңалықтар
Қытайдағы үздік тележүргізушілер қатарында Дидар Азатқызы бар - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу Көкшетауда Қытайдан келген қандастар тұрып жатқан үйлер жөндеуге мұқтаж - әкімдік

Осы іс-шараның ашылу салтанатында қазақ халқының байырғы дәстүрлі тері шаңғысы арнайы таныстырылды. Алтай аймағын мекендеп, ежелден келе жатқан тері шаңғыны жасау һәм пайдалану дәстүрін үзбей келе жатқан өңір қазақтары ұлттық киімдерін киіп, қолдарына «Адамзаттың алғашқы шаңғы мәдениеті пайда болған жер» деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Қытайдың бұл шаңғы базасында 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Айта кетерлігі, адамзаттың алғашқы шаңғы мәдениетінің қазіргі қазақтарға қандай қатысы бар? Сол жағын аз-кем ізденген едік.

Ерте кезде адамдардың күнделікті тіршілігіне қажетті көлік құралы болған, ал қазіргі күні қысқы спорттың негізгі түрі саналатын шаңғының алғаш пайда болған отаны қазақтар қоныстанған Алтай өлкесі екені осыдан біраз жыл бұрын әйгіленді. Ғалымдар 2005 жылы Қытайдың Алтай аймағындағы шаңғы тебу бейнеленген жартас суретін зерттеп, оны біздің заманымыздан бұрынғы 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде мойындаған. Осыдан кейін 2007 жылы «Алтай тауы ең байырғы қар шаңғысының мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Жалпы осы кезеңге дейін шаңғы спортының отаны ретінде Норвегия мемлекеті аталып келген еді. Өйткені Норвегиядан да байырғы қар шаңғысының тасқа басылған суреті табылған. Оны археологтар зерттеп, 4500 жыл бұрынғы сызба деп тұрақтандырған. Соңғы жылдарға дейін Норвегия елінің осы «атағын» ешбір ел тартып ала алмаған болатын. Тіптен, шаңғы спортынан алғашқы ресми жарыс та 1767 жылы Норвегияда өткен екен. Ендеше Алтай жері «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» болып қалай мойындалды? Қандай дәлел, дәйектерімен әлем ғалымдарын иландырып, ортақ шешімге жүгіндіре алды?

Қытайға қарасты қазақтар қоныстанған Алтай аймағы - таулы, қыратты, қысы суық әрі ұзақ, қарлы аймақ. Қары қалың түседі, әрі ұзақ жатады. Бұл өлкені мекендеген халық үшін бүгінгі күнге дейін шаңғы - спорт түрі ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де жиі пайдаланатын көлік құралы болып келген. Таулы жерде көлік қатынасы қолайсыз болғандықтан қазақтар тері шаңғыны кеңінен пайдаланған. Бұл шаңғының өзегін қайың мен қарағай ағашынан жасап, сыртын жылқы сирағының терісімен қаптайды. Шаңғы орнынан қозғалып, екпін алу үшін бір таяқты ғана қолданған. Басқа қар шаңғыларына қарағанда, теріден жасалған шаңғының өзіндік ерекшелігі - өрге шыққанда тері жүніне қарсы бағытта болғандықтан, биіктен артқа сырғып кетпейді. Таудан төмен сырғанағанда бір бағытта жығылған тері жүніне бағыттас болғандықтан, жылдамдығы басқа қар шаңғылардан тез болған.

Жергілікті халықтың осындай басқа жерде ұшыраса бермейтін ерекше шаңғы түрін пайдаланып жүргені, бұрын да спорт мамандарының назарын аударған екен. Осымен бірге Алтай жерінде шаңғы тебу бейнеленген жартас суретінің табылып, түпкілікті зерттелуі, Алтайды «Адамзаттың алғашқы шаңғы мәдениеті пайда болған жер» деп тануға себеп болған.

Әлемді мойындатқан жартас суреттері туралы айтар болсақ, Алтай петроглифтері дүниежүзінде сирек кездесетін 1000 шақырымнан асатын көркем галереяны құрайды. Соңғы уақыттарда осы Алтайдың ежелгі петроглифтері тарих, археология және өнер салалары бойынша Қытай және шетелдік мамандардың назарын көбірек аударып жүр.

Бұл ашық аспан астындағы өнер мұражайындағы жартас суреттерінің мазмұны аң аулау, мал жаю, билеу, діни ғұрыптар және үй жануарлары мен жабайы аңдардың бейнесі болып келеді. Петроглифтегі бейнелер табиғатты, халық тіршілігін анық көрсетіп берген. Олар көркемдік тұрғыдан да өрелі туындылар болып саналады.

Міне, осындай көне жартас суреттерінің бірі, 2005 жылы Қытайдың Алтай қаласына жақын орыналасқан «Дұндырбұлақ» үңгірінен табылған. Онда бір қатарда кетіп бара жатқан жеті адамның сұлбасы бейнеленген екен. Бастарында шошақ бас киімдері бар. Алдыңғы төрт адамның соңында жылқы, сиыр секілді малдың бейнесі бедерленген. Ал, қалған үш адам белдерін сәл бүгіп, сыңар таяққа сүйене шаңғы теуіп барады. Бұл аң аулау сәті сызылған көрініс.

Әсілінде, көне жартас суретін жергілікті халық бұрыннан білетін болған. Ал, Қытай қар шаңғышылар қоғамы төрағасының орынбасары, шаңғы зерттеушісі Шан Жаужиан осы жартас суреті туралы елден құлағдар болып, алғаш зерттеуге кіріскен екен. 2005 жылдан бастап жартастағы бейнелеу туындысы басқа да ғалымдардың назарына ілігеді. Осылайша, Қытайдағы түрлі зерттеу орталықтарының екі жылға таяу ден қойып сараптауынан кейін, 2006 жылдың 15 желтоқсанында Бейжің қаласындағы «Халық сарайында» Алтайдағы көне жартас суреттерін зерттеудің қорытынды баспасөз конференциясы өтеді.

Аталған шарада мамандар өз пікірлерін білдіріп, Алтай аймағының географиясы, тарихи және мәдени шарттары шаңғының алғаш осы өңірде пайда болғанын айғақтайтындығын және археологиялық деректердің оң нәтижесі де осыны дәлелдеп тұрғанын айтады.

«Алтайдағы шаңғы тебу бейнеленген көне жартас суретіндегі адамдардың қимыл-қозғалыс сұлбасы қазіргі жергілікті тұрғындардың шаңғы тебуімен ерекше сәйкес келуі адамды таңғалдырады. Сонымен бірге осы күнге дейін Алтай қазақтары басқа ортада ұшыраса бермейтін сыңар таяқты, ағаштан жасалып, терімен қапталған ерекше дәстүрлі шаңғы түрін атадан балаға мұра етіп жалғап, пайдаланып жүр. Бұл дәстүрлі шаңғы түрінің жартастағы сыңар таяқты шаңғы суретіне ұқсайтыны дәлелелімізді одан сайын бекіте түседі. Мұндағы жергілікті малшылар ортасындағы 40 жастан асқан ер адамдардың барлығы терімен қапталған шаңғымен, қалың қарда еркін сырғанап жүре алатын дәстүрлі дағдыларды меңгерген», - депті баспасөз конференциясында шаңғы зерттеушісі Шан Жаужиан.

Ал, Шыңжаң өлкесінің ұлттық мұражайының білікті маманы Ван Боның айтуынша, Алтайдағы жартас суреттерін зерттеуде, археологиялық зерттеулермен қатар, әлем ғалымдарының шаңғы туралы жазған тарихи еңбектері де негізге алынған. Бұл тарихи еңбектерде де шаңғының Алтай жерінде пайда болу ықтималдығы туралы деректер ұшырасады. Ал Қытайдың көне жазбаларында солтүстіктегі көршілерін «ағаш атты түркілер» деп те атағандары айтылады.

«Біз «Дұндырбұлақ» үңгірінен табылған жартас суретін Алтайдағы басқа да табылған көптеген петроглифтермен салыстыра зерттедік. Жартас суреттерін зерттеуге Шыңжаң әлеуметтік ғылымдар академиясының, Батыс-Солтүстік университетінің және басқа да зерттеу орталықтарының тәжірибелі, білікті мамандары атсалысты. Осылайша, ғалымдардың түпкілікті зерттеу қортындысы бойынша, сенімді теориялық және археологиялық заттық дәлелдердің негізінде Алтайды «Адамзаттың алғашқы шаңғы мәдениеті пайда болған жер» деп тану туралы шешім жасадық. «Дұндырбұлақ» петроглифтері палеолит дәуірі тұрғындарының туындысы болып табылады. Яғни, бұдан 10 000 немесе 20 000 жыл бұрын Алтай тауын мекен еткен тұрғындар шаңғыны ойлап тапқан», - дейді зерттеуші Ван Бо.

Ғалымдардың жариялаған осы ортақ шешімдерінен кейін, Алтай аумағында 16 қаңтар күнін «Байырғы қар шаңғысының пайда болған күні» деп белгіленген. Ал 2007 жылы Гиннес рекордының бас штабы «Алтай тауы ең байырғы қар шаңғысы мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына енгізген.

Сондай-ақ, 2015 жылы Алтай қаласында халықаралық байырғы қар шаңғы конференциясына Норвегия, АҚШ, Үндістан, Австралия, Швеция секілді 18 елден келген 30-дан астам шаңғы тарихын зерттеуші мамандар қатысқан жиналыс өткен. Сол жолы Қытайдың Батыс-Солтүстік университетінің Мәдени мұра институттының ұйымдастыруымен Шыңжаң Алтай аймағындағы ежелгі жартас суреттерін зерттеу мақсатында халықаралық ынтымақтастық зерттеу тобы құрылған. Осы түрлі мемлекеттерден келген 14 білікті маман да «Дұндырбұлақ» үңгірінен табылған боялған петроглифтерді көне заманның жәдігері деп мойындады.

«Алтай жеріндегі петроглифтер өте сапалы сақталған, жергілікті халықтар оны бүлдірмей жақсы қорғап келген. Адамзат мәдениетінің ортақ құндылығын құрметтегені үшін мұндағы тұрғындарға рахмет айтамын! Осы мыңдаған жылдар бойы сақталған, құнды деректі жеткізген жәдігерді болашақта да жақсы қорғауымыз керек», - дейді зерттеу тобына қатысқан Аустралияның Гриффит университетінің археология профессоры Пол Такер.

Қазіргі күні Алтайдағы қар шаңғысының табанына жылқы терісін қаптап жасаған түрі Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі жағынан «Қазақтың байырғы материалдық мұрасы» тізіміне кіріп, қорғауға алынған. Қар шаңғыны «Қазақтың байырғы материалдық мұрасы» ретінде тіркеу үшін біраз жұмыстар атқарып, қажетті материалдар даярлап, тарихи, ғылыми сипаттары туралы мақалалар жазған қаламгер, мәдениеттанушы Тасқын Ысқақұлы деген азамат екен.

Алтайда тұратын белгілі журналист, қаламгер, Алтай аймақтық телеарнасы бас директорының орынбасары Ризабек Қасенұлы да қар шаңғының тарихына арнап «Тасқа ойылған тарих» атты төрт бөлімді пьесса жазған.

«Бұл сурет әсілінде тасқа қашалмаған, біртүрлі бояумен сызылған. Енді, тым арғы тарихты қазбасақ та, бұрынғы қазақтар рауағаш, қарағайдың қабығы, шүкір, жоса секілді заттарды бояу орнында пайдаланып, тон-шалбар, мүлік-мүкамалдарын бояп алатыны талассыз шындық. Ал, тастағы суреттің осынша ұзақ жыл сақталғаны ғажап дүние. Ғалымдар жартастағы суреттен сынамалар алып тексеріп, бояуды адамдар ертедегі тас дәуірінің соңғы кезінде-ақ пайдалана бастаған деп тұжырым жасады. Сонымен қатар, норвегиялық зерттеуші Нельсон деген ізденушінің 1891 жылы шыққан кітабында «қар шаңғы спорты Алтай тауларындағы бір тайпадан шыққан болуы мүмкін» деп жазыпты. Тіпті, тарихшылардың атасы делінетін Геродоттың жазбаларында да Алтай тау жүлгелерінде шаңғымен жүретін рулар бары айтылған», - дейді Ризабек Қасенұлы.

Алтайдың «Адамзаттың шаңғы мәдениетінің пайда болған жері» аталуының тарихи құндылық ретінде танылуы өз алдына, қазіргі күні осы өлкеге туристердің көптеп келуіне де түрткі болған екен. Алтайға АҚШ-тан тартып, Еуропаның әр жерінен, Қытайдың іші-сыртынан сан мыңдаған туристер келуге құмартқан. Олардың ішінде «байырғы қар шаңғыны, шаңғы тебетін қазақ деген ұлтты көреміз» деп келетіндері көп. Алтай қаласының іргесіндегі Ноғайты ауылында тұратын Сыламбек Сақашұлы байырғы қар шаңғысы материалдық мұрасының жалғастырушы, мұрагері ретінде танылған. Бұл ауылда Сыламбек ақсақал бастаған бір топ қар шаңғы жасау шеберлер тұрады. Сондықтан да бұл ауылға да тері шаңғының жасалу ерекшелгін көруге саяхатшылар арнайы атбасын бұрады.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 2019 жылы Алтай аймағына 33 миллион 611 мың турист келген.

Түйіндей айтса, қазақтың ежелден бергі қонысынан құнды жәдігер табылып, оны әлем мойындап, қазақ ұлтының меншігіне берілуі көңілді марқайтады. Олжамыз өзгенің қанжығасына кетпей, пешенемізге бұйыруы Қытайдағы қандастарымыздың еңбегі деп білеміз.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Қытай, Қандастар, Спорт,
Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT