Әділет министрі күшейтілген карантин режіміндегі жаңа міндеттерге қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев күшейтілген карантин режіміндегі жаңа міндеттерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгіннен бастап еліміздің бірнеше қаласында карантин режімі күшейтілді. Барлығымызға біздің күнделікті өмірімізге әсер ететін жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Әрқайсымыз осы жаңа міндеттерді толықтай орындасақ, олардың тиімділігі артады. Бұлар қажетті әрі уақытша шаралар. Сондықтан ел тұрғындарын осы міндеттерді жауапкершілікпен орындауға шақырамыз», - деді М. Бекетаев Хабар 24 телеарнасында өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, әкімшілік әрі қылмыстық санкциялар бірінші кезекте алдын алу шараларына арналған.

«Бұл санциялар адамдарды заңды бұзбауына ынталандыруы тиіс. Салынатын айыппұлдар бюджетті толықтыру мақсатын көздемейді. Осы ретте салықтар бюджетті қамтамасыз етуге жеткілікті. Атап айтқанда, полицейлер тәртіп бұзғандардың барлығын қамауға алу мақсатын қойып отырған жоқ. Олардың басты мақсаты – ереже бұзудың алдын алу, түсіндіру шараларын жүргізу. Төтенше жағдай кезеңіндегі полицейлердің қиын жұмысына көмектесуге шақырамыз. Егер де тиісті мақсатта пәтерден шығатын болсаңыз, полиция қызметкерлеріне қайда және қандай мақсатта бара жатқаныңызды түсінікті айтыңыздар. Қала ішінде жүретін бағдарды растайтын құжаттарыңыз болса, бұл өз кезегінде полицейлердің жұмысын жеңілдетеді»,- деп түсіндірді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елорда әкімдігі күшейтілген карантин режімі кезінде жұмысқа баратын азаматтардың өзімен бірге қандай құжат алып жүруі керек екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар