Әділет органдарына қатысты жаңа заңнама әзірленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Әділет органдары туралы заңнаманы жетілдіруге арналған дөңгелек үстел өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір Әділет органдарын заманауи бағытқа өзгерту мақсатында министрлікте реформа жүріп жатыр. Бүгінгі дөңгелек үстелге шетелдік сарапшыларды шақырдық. Мақсат - осы салаға олардың үздік тәжірибелерін енгізу. Мысалы, біз адвокатура, нотариус, жеке судьяларға қатысты реттеулерді өзгертеміз», - деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Одан бөлек дөңгелек үстелде Әділет органдарының мемлекеттік органдар жүйесіндегі өкілеттігі, онлайн қызметтер және Әділет министрлігінің  мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы рөлі қаралуда.

Министр сонымен қатар кадрлық өзгерістерге де байланысты айтып өтті. «Тиімді жұмыс жасау кадрлық сапамен тығыз байланысты, осы тұрғыда әділет органдарында осыншама қызметкерлердің қажеті жоқ шығар, бұл да басты назарда. Одан бөлек жаңа технологияларды қолдану қолға алынады. Әрине, мәселе бір күнде шешілмейді, сондықтан біз отандық және шетелдік әріптестерімізбен бірге талқылаудамыз», - деді Әділет министрі.

Қазақстанның Әділет органдары туралы заңнаманы жетілдіруде әлемде құқықтық нормативтік жүйелері үздік деп танылған АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Польша, Сингапур, Грузия сияқты елдердің тәжірибелері қолданылады.

«Бүгінгі шараға депутаттар да қатысуда, себебі әділет органдарына қатысты заңнамадағы өзгерістер Парламенттің ашық талқылауында. Біз ешқандай да асығыс шешімдер қабылдамаймыз. Барлық мәселелерді кеңінен талқылап, зерттейміз. Содан соң, 1,5-2 жыл шамасында Әділет органдары туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заңнама жарыққа шығады», - деді министр.  

Соңғы жаңалықтар