Адвокаттарды тағайындау тәртібі автоматтандырылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті адвокаттық қызмет туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс депутаты Светлана Бычкованың айтуынша, құжат білікті заң көмегін алу құқығын реттеп, адвокатура мен заң консультанттары институтын одан ары дамытуға, олардың қызметін автоматтандырып, оңтайландыруға бағытталған.

«Заң жобасы қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану практикасының мониторингі, сондай-ақ депутаттардың адвокаттармен, заңгерлермен, судьялармен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер кезінде келіп түскен ұсыныстары негізінде әзірленген. Заң жобасына сәйкес, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде адвокаттарды тағайындау тәртібін автоматтандыру ұсынылып отыр», - деді ол.

Бұл ретте қорғалушылардың конституциялық құқығы бұзылмауы үшін автоматтандырумен қатар адвокаттарды тағайындаудың қолданыстағы тәртібі сақталады.

Сонымен қатар, адвокаттардың тікелей бірыңғай ақпараттық нотариаттық жүйеден, сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен тек нақты бір іс аясында электрондық, сондай-ақ қағаз жеткізгіштерде ақпарат алуы бөлігіндегі нормаларды бекіту ұсынылған.

Адвокаттық қоғамдастық үшін өзекті мәселелер бойынша жедел шешім қабылдау мақсатында бірқатар жергілікті актілерді қабылдау бөлігінде республикалық конференцияның ерекше құзыретін қысқарту есебінен республикалық адвокаттар алқасы төралқасының өкілеттігі кеңейтіледі.

Заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.


Соңғы жаңалықтар